Он тоғыз мектепке жаңаша атау беріледі

АTPress.kz. 15 желтоқсан. Қазіргі таңда Атырау қаласындағы №1 В.И.Ленин атындағы орта мектепті Мағжан Жұмабаевтың есімімен, №18 Н.К.Крупская атындағы орта мектепті Хиуаз Доспанованың есімімен атау туралы ұсыныс республикалық ономастикалық комиссияда қарал

Индер ауданындағы Кулагино орта мектебін «Қалам Есқалиев атындағы орта мектебі» және Құрманғазы ауданындағы Ганюшкин мектеп-интернатын «Зейнолла Серікқалиұлы атындағы мектеп-интернат» деп қайта атау туралы ұсыныс комисияда қолдау тауып, Үкіметтің қаулысымен бекітіліп отыр. Облыстық тілдерді дамыту жөніндегі басқарма басшысы Баязи Әбдешевтің мәліметіне сүйенсек, республикалық ономастикалық комиссияның қарауына  білім беру мекемелеріне ат беру және қайта атау туралы 19 ұсыныс жолданған. Олардың қатарында Балықшы ықшам ауданындағы Абай Құнанбаев атындағы орта мектебін Мақаш Бекмұхамбетовтің есімімен, Жылыой ауданындағы №2 Құлсары балалар саз мектебін Зәбен Жарылғасовтың есімімен, Мақат ауданындағы Доссор балалар өнер мектебін Рысбай Ғабдиевтің есімімен қайта атау туралы ұсыныстар бар.  

«Ендігі жоспарда Атырау қаласының №2 орта мектебіне Жұмекен Нәжімеденовтің есімін беру, №6 орта мектебіне Мұрат Мөңкеұлының есімін, №22 орта мектебіне Әлия Молдағұлованың есімін, №23 орта мектебіне Ахмет Байтұрсыновтың есімін, №33 орта мектебіне Қасым Қайсеновтің, №35 мектеп-гимназиясына Хамит Ерғалиевтің есімін беру жұмыстары тұр. Республикалық ономастикалық комиссиядан қолдау тапса, Қызылқоға ауданының №1 мектеп-гимназиясына Ығылман Шөрековтің, Махамбет ауданының «Таңдай» орта мектебіне Қаршыға Ахмедияровтың есімдері беріледі, - дейді тілдерді дамыту жөніндегі басқарма басшысы Баязи Әбдешев. 

Тәуелсіздік алған жылдардан бастап Атырау облысында екі мыңға жуық көше мен 23 нысанға ұлы тарихи тұлғалар мен өлкенің дамуына үлкен үлес қосқан жерлестеріміздің есімдері берілген. 

 

Нұрбейбіт Нұғыманов

Сурет Рахым Қойлыбаевтікі