Жаңа жыл наурыз айынан, дәлірек айтқанда, күн мен түн теңесетін 22 күні басталса қалай болар еді? Осы сұрақ көптің көкейінде жүргелі қашан! Расымен де, ес жиып, етек жапқалы, ел болып егемендік алғалы тойланып келе жатқан Ұлыстың ұлыс күні мұндай құрметке әбден лайық, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.
Бұл бағытта кімнің не ойлайтынын білмек болып, азын-аулақ ой көкпарын ұйымдастырған едік. Сонымен...
Н.Тілендиев атындағы мамандандырылған мектеп-гимназия-интернатының математика пәні мұғалімі Нұргүл Казиева қазақтың Жаңа жылы желтоқсанда емес, 22 наурызда басталады деп есептейді.
– Желтоқсан келсе болды, жұрт «жаңа жыл келіп қалды» деп жанталасады. Шыршалар, сыйлықтар, отшашулар, онымен қоса Аяз ата мен Қар қызы тағы бар. Жұртшылық жаңа жылдың басты символы шырша болса, оны аталған кейіпкерлерсіз елестетпейтіні жасырын емес. Жаңа жылдық киімдерін киініп, алаңдарда қойылған шыршалардың маңынан табыла кететін олармен сіз де қалтаңызда ақшаңыз болса, естелік суретке түсіп қалуыңызға болады. Концерттік бағдарламалар ұйымдастырылып, жан-жақтан отшашулар басталады. Бұл қалалық елдімекендерде жүзеге асқанымен, ауылдық жерлерде мүлдем жоқ десе де болады. Әркімнің өзіндік жеке пікірі болады емес пе? Өз басым бұған түбегейлі қарсымын! Бір ай бұрын дайындалатын Аяз атамыз өзіміздің ұлттық мейрамды да дәл солай күтсе жақсы болар еді. Ұлттық мәдениетімізді ұлықтау арқылы ғана қазақтығымызды сақтап қалатынымыз белгілі, - дейді ол бізбен әңгімесінде.
Ал, атыраулық сәулетші-жобалаушы Наурызбай Мұхтарұлы бұл мәселеге жан-жақты көзқараспен қарау керек екенін айтады.
– Менің есімім Наурыз мейрамының құрметіне қойылған. Осының өзінен-ақ, бұл мерекенің қазақ халқы үшін қаншалықты құнды екенін анық аңғаруға болады. Иә, әрине, келісемін, қазір де көптеген заманауи үрдістер қазақ ұлтына тән емес екені шындық. Бірақ жаһандану заманында «біздің салтқа келмейді екен» деп қарап отыруға тағы болмайды. «Көп ұлтты мемлекетпіз» дегеннен кейін жақсы нәрселерді алып, жаманынан жиренуіміз керек. Ал, Жаңа жылды тойлау қазіргі қоғамға сіңіп кеткендіктен, балалардың да барлығы осы Аяз ата мен Ақшақарды күтетіні. белгілі. Ендеше, дәл осылай жеті түрлі тағам дайындап, Қыдыр атаны күтуге де болады. Ол да балаларға өзінің сыйлықтарын ала келсін. Осылай халықты қызықтыра түсуге болады деп ойлаймын, - дейді ол.
"Үркер" сыйлығының лауреаты, қызылордалық журналист Нұрсұлтан Мықтыбай Жыл басы – көнеден Наурыз екенін ескеріп, мерекелік күндерге заңды тұрғыда өзгерістер енгізілгенін қалайды.
– Жаңа жылдық мерекенің басты кейіпкерлері болып санамызға сіңіп кеткен «Аяз ата» мен «Ақшақар» біздің қиялдан туған жоқ. Біз Аяз би, Ер Төстік, Алдар Көсе, Тазша бала, Қожанасырларды оқып өскен ұрпақпыз ғой. «Аяз ата», «Ақшақар» дейтіндей олардың қазіргі сыйқы да бұзылды, халық алдында беделі қалмады. Кеңес заманында әр шаңырақтың ырыс-берекесін еселеуге тырысатын Аяз аталар бүгінде ішкіш, сайқымазақ кейіпке енсе, Ақшақарыңның да киім киісі ашық-шашық, жүріс-тұрысы да көңіл көншітпейді. Өйткені, оларды кез келген адам сомдап, кейіпкер абыройын айрандай төгіп жүр. Олай болса, бәрі айналып өз орнына келуі керек сияқты, - дейді ол.
Махамбет ауданы Жалғансай ауылының тұрғыны Мейірбек Қамзиевтің ойынша, Наурыз мерекесін Жаңа жылмен теңестіруге болмайды. Екеуінің өз алдына бөлек мәні бар.
– Рас, қыстың қытымыр аязында халқымызға қатысы жоқ кейіпкерлермен жаңа жыл мерекесін тойлау әбестік екенін айтып жүргендер бар. Олардың арасында зиялы қауым өкілдері де, қарапайым азаматтар да бар. Бірақ, бұл тақырыпқа қатысты алуан түрлі пікір бар. Ал, мен күллі әлем елдері тойлайтын Жаңа жылға еш қарсылығым жоқ. Өйткені, желтоқсан айында жыл жабылып, күнтізбе жаңарады. Демек, бұл – жаһандық жыл санау болып саналады. Сондықтан біз де өркениет көшінен қала алмаймыз. Мәселен, латын әліпбиіне көшу туралы бастама көтердік. Не үшін деп ойлайсыздар? Мұндай маңызды шешімді мемлекет тектен-тек қабылдаған жоқ. Яғни, дүние жүзіндегі ұлы үрдістер, технологиялық жаңалықтардың бәрі латын қарпінде таңбаланған. Соның бәрінен тыс қалмауымыз керек. Міне, жаңа жылға қатысты да солай деуге болады. Айтқым келгені, 1 қаңтарда ресми жаңа жыл күшіне енсе, ал, наурызда жеке халқымызға тән жаңа жылды тойлаймыз деп түсінген жөн, - дейді ауыл тұрғыны.
Спикер сөзін атыраулық әскери қызметкер Саттарбек Әбуғалиев те қуаттайды.
– Еңбектеген баладан еңкейген кәріге дейін барлығы Жаңа жылды асыға күтеді. Ал, Аяз ата мен Ақшақарды қатыстырып, басты жылдың басты мерекесін қарсы алу дәстүрге айналып кетті. Жасыл шыршаны да жағатын солар. Олар – Жаңа жылдың сәнін келтіріп жүр. Бұларсыз мерекенің мәні жоқ секілді. Меніңше, олар керек. Неге? Себебі, қазақ салт-дәстүрінде жоқ дегенімізбен, заманымызға лайықты. Бұл мәселені тек біржақты қарауға болмайды. Ұлтымызға тән болмаса да, құндылықтарымызды одан сайын толықтыра түсетіндей көрінеді. Бұған қоса бүлдіршіндеріміз де сүйікті кейіпкерлерін асыға күтеді. Әрине, бұл – менің жеке пікірім. Қалай болғанда да, біздер Тәуелсіздік жылдарында дүниеге келген ұрпақпыз ғой. Олай болса, үнемі жаңашылдық пен прогреске ұмтыламыз. Бұл ретте, заманауи үрістен де кенже қалуға болмайды, - дейді ол.
Жазып алған: Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ