Мерекелік кеш Тұңғыш президент күніне арналды

ATPress.kz. 30 қараша. Бүгін Құрманғазы атындағы мәдениет сарайында Тұңғыш президент күніне орай салтанатты жиын ұйымдастырылды.

Салтанатты шара барысында облыстың әр саласында қызмет атқарып жүрген азаматтар Атырау облысы әкімі мен облыстық мәслихаттың марапатына ұсынылды. 

Жиында құттықтау сөз алған Атырау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев:

- Қазақстандықтардың тарихи таңдауы болған бұл мереке тәуелсіздіктің негізін қалаушы ұлт көшбасшысы, Н.Назарбаевқа деген зор сенімімен айрықша құрметі ретінде белгіленді. Қазақстан ғасырға бергісіз 25 жылда талай қиындықтарды өткерді. Елбасының сарабдал саясатының нәтижесінде бүгінде әлемдік қауымдастықта ерекше орны бар үлкен мемлекетке айналдық. Елбасының саясатын жүргізіп жүргендеріңіз үшін алғыс білдіремін. Біздің алған бағытымыз, жететін межеміз айқын, - деді. 

Мерекелік шара облыс өнерпаздарының концерттік бағдарламасымен жалғасты. Тұңғыш президент күніне орай келген белгілі әнші Ұлықпан Жолдасов шарада «Самал» тобымен қосылып «Алтынай», «Қазағым» әндерін тарту етті. 

- Ринат Зайытовтың әні мен сөзіне жазылған «Қазағым» әні Атырауда тұңғыш рет тұсауы кесіліп отыр. Барлық қазақстандықтардың елбасы күнімен құттықтаймын, - деді әнші. 

 

Нұрбейбіт Нұғыманов

Сурет автордікі