АTPress.kz. 15 маусым. Кеше Махамбет атындағы қазақ драма театрында Атырау өңірінің тумасы, көрнекті жазушы Мереке Құлкеновтің 65 жасқа толу мерейтойына арналған «Елім деп соққан жүрегі..» атты кеш ұйымдастырылды.
Іс-шараға жаны әдебиетке жақын атыраулықтар мен республиканың әр қиырынан жазушының үзеңгілес достары, әріптестері қатысты. Кеш қоғам қайраткері Мереке Құлкеновтің өмір жолы мен шығармашылығына арналған сахналық қойылыммен басталып, әртістер қаламгердің көпшілік біле бермейтін қырларын жан-жақты көрсетуге тырысты.
Шарада алдымен құттықтау сөз алған Атырау облысының əкімі Нұрлан Ноғаев жазушының туған жерден ерте қоныс аударғанымен елдің ісіне бір кісідей араласып келгендігін алға тартты.
- Бүгінде отандық БАҚ Мереке былай деп айтып еді деген тіркестерді қолданатын жайы бар. Ақты ақ, қараны қара деп тіке айтатын, бұқпайтын мінезіңіз тағы бар. Алайда, ішкі ұстанымыңыз елдікті, бірлікті көздеп тұрады. Сізге Атырау халқы қолдау білдіріп, журналистикадағы шығармашылығыңызға сәттілік тілейді, - деді Н. Ноғаев.
Мереке Құлкенов - «Жібек жел», «Таңғы самал», «Үрей» атты бірнеше публицистикалық шығармалардың авторы. Ол өзінің бір сөзінде қазіргі кезде кім-көрінгеннің жазушы атанып жатқаны жөнінде:
- «Басынан кешкен нәрсенің бәрін жаза беру жазушылықтың белгісі емес. Өзгенің ойына әлі келе қоймаған, келмейтін дүниелерді қамти білгенде ғана жазушы болады. Кейде жазу машыққа айналып кететін кездер болады. Бұл жазушыны өсірмейді, өшіреді. Ал, жазудың азабын түсінген адам болса, ол ешқашан жазушы боламын демес еді», - деп ойын білдіріп, жазушылық өнердің ерекшелігін жеткізеді.
Кеш барысында біртуар азаматтың әріптестері мен сапарлас достары, қаламгерлер Мереке Құлкеновтің өмірі мен шығармашылығы жөнінде естеліктер сабақтады.
Әріптесі жөнінде Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, жазушы Несіпбек Дәутайұлы:
- Бұл қазақта түсінігі мен кісілігі қабат келіп отыратын, елдің-жұрттың жайы үшін намысқа шабатын азаматтар аз ба, көп пе, оны білмеймін. Алайда, менің білетінім ол аз болса да, көп болса да, Мереке Құлкенов солардың алдыңғы сапында тұрған жазушы, - деп баға береді.
Нұрбейбіт Нұғыманов
Сурет автордікі