ATPress.kz. 15 қараша. Акция барысында Атырау облысының жастарына Ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған «Мәңгілік Ел» кітабы табыс етілді.
Кітапта Тәуелсіздік жылдары жастардың қол жеткізген жетістіктері, өңірлерде жастарға жасалған қамқорлықтар, сондай-ақ өңірлердегі жастардың ҚР Президентіне қолдауын көрсететін үндеулер жазылған.
Акция барысында жастар Ш.Сариев атындағы өнер музейі мен тарихи өлкетану мұражайының көрмесін тамашалады. Онда ел тарихынан сыр шертетін деректер, қолөнершілердің көрме бұйымдары мен фотокартиналар қойылған.
Іс-шарада сөз алған облыс әкімі Нұрлан Ноғаев:
- Елбасының тапсырмасымен елімізде «Болашақ» бағдарламасы іске асқан еді. Қазір бағдарлама арқылы алыс-жақын шетелдерде білімдерін шыңдап, ғылымды меңгерген азаматтар Қазақстанның әр саласында алдыңғы қатарда қызмет етіп келеді. Солардың ізін жалғап, әлемдік бәсекеге қабілетті маман болу сіздердің еншілеріңізде. Атырауда білім алушыларға барлық жағдай жасалған, - деді.
Акцияның мақсаты «Мәңгілік ел» жалпұлттық патриоттық идеясы мен оның құндылықтарын жастар арасында ілгерілету, тәуелсіз Қазақстанның қалыптасуына еліміздің барлық аймақтарындағы жастардың қосқан үлесін көрсетуді көздейді. Акция еліміздің барлық аймақтарында жалғасып, ҚР тұңғыш Президенті күні аясында қорытындыланатын болады.
Нұрбейбіт Нұғыманов
Сурет автордікі