Махамбеттің 220 жылдығына арналған айтыс қорытындыланды (+ВИДЕО)
Ағымдағы жылдың 8 қараша күні Махамбет ауданында Махамбет Өтемісұлының 220 жылдығына арналған "Арғымақтан туған Қазанат" атты облыстық ақындар айтысы өтті, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.
Махамбет ауданы әкімдігінің қолдауымен, «Айтыс» қоғамдық қорының ұйымдастыруымен өткен облыстық айтысқа 12 ақын қатысып бақ сынады. Айтысты «Айтыскерлер мен жыршы термешілер Одағы» Атырау облыстық филиалының директоры Шалқарбай Ізбасаров жүргізіп, ақындардың өнеріне Республикалық айтыстардың жеңімпазы Саадат Нұрманов төрағалық етіп, қазылар құрамындағы Жәниба Қарасаева, Амангелді Есенғалиев, Мүтиғолла Ғани, Серікбол Панабердиев, Серік Қойшығұлов сынды айтыскер ақындар баға берді. Бес сағатқа созылған жыр сайысын Махамбет ауданының әкімі Қайрат Нұрлыбаев бастан аяқ тамашалап, алдағы уақытта да өнер мен мәдениетке аудан тарапынан үлкен қолдау болатынын жеткізді.
Айтыстың қорытындысы бойынша бас бәйгені Индер ауданынан қатынасқан танымал айтыскер ақын Жәнібек Садыров еншілесе, жүлделі 1-орынды Қызылқоғалық жас өрен Батыржан Кадірбай, 2-орынды Атыраулық Манарбек Сатыбалды мен Қызылқоғалық Салауат Кәрімұлы, 3-орынды Құрманғазылық Нұрбейбіт Нұғыманов пен Махамбеттік Ерасыл Мұхитов жеңіп алды. Сайысқа қатынасушы барлық ақындар арнайы алғыс хаттармен жүлделі ақшалай сыйлықтармен марапатталды.