Ел санасын көтеру, байырғы ұлттық менталитетті бүгінгі ұрпақтар қажеттілігіне айналдыру мақсатында 2013 жылы клуб болып ашылған «Елсана» руханият-патриоттық қауымдастығы аудан әкімі Қанат Әзмұхановтың бастамасымен Қызылқоға ауданына келді, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.
Аудан әкімдігінің баспасөз қызметі мәлім еткендей, қауымдастықтың мақсаты - ұлттық құндылықтарымызды дәріптеп, тарих, мәдениет, әдебиет, тіл, дін, ұлттық қолөнер мен спорттық ойындарды, салт-дәстүрді жаңғыртып, заманауи келбетте келешек ұрпақтың санасына сіңіру және ұлттық рухын көтеру. Ал аталған қауымдастықтың ауданға келудегі мақсаты - облыс бойынша алғаш рет қазақы қаймағы бұзылмаған, қасиетті өлкеде «Елсана» руханият патриоттық алаңның филиалын ашу. Алаңның ашылу салтанатына алқалы билер, баталы ақсақалдар мен ақ жаулықты аналар, оқушылар, әр сала мамандары қатысты.
Жмында сөз алған аудан әкімі Қ.Әзмұханов қауымдастықтың филиалына аудан жұртшылығы бірауыздан атсалысатынын атап өтті.
- «Өнерін сыйлаған өрге шығады, дәстүрін сыйлаған төрге шығады» деген қанатты сөз бар халқымызда. Осы ретте ұлтымыздың дәстүрін насихаттап, болашаққа қаз қалпында жеткізуге ұйытқы болып жүрген «Елсана» ұжымына алғыс білдіремін. Осыдан он жыл бұрын өңір орталығында шаңырақ көтерген «Елсана» руханият-патриоттық қауымдастығы зор игілікті істерімен қанат жайып, бүгін міне біздің ауданымызда аталған рухани алаңын ашқалы отыр. Сондықтан қаймағы бұзылмай осы заманға жеткен дістүрімізді дәріптеп, жас ұрпақ бойына сіңіру - біздің борышымыз деп есептеймін. Қызылқоға жұртшылығы ендігі жерде қауымдастықпен бірлесіп, халқымыздың жарқын болашағы жолында келелі істерімен көрінеді деп білемін, - деді аудан әкімі.
Сондай-ақ алаң құрылтайшысы Нұрберген Дәулетов алғашқы жылы 5-6 ақсақалмен ашылған клуб қазір 3000-нан астам мүшесі бар үлкен қауымдастыққа айналғанын жеткізді. Бүгінде онда 20 алаң ұйымдастырылып, үздіксіз жұмыс атқаруда. Оның сөзінше, енді Қызылқоға ауданынан «Бабалар үні» ақсақалдар алқасы, «Аманат» әкелер алаңы, «Инабат» аналар алқасы, «Дәстүр» алаңы, «Алтын сақа» ұлттық ойындар алаңы, «Алаш жастары» алаңы, «Саналы ұрпақ» оқушылар алаңы ашылмақ.
Жиын соңында елімізге танымал шежіреші, батагөй қария Ақмырза Батырқайыров аудан тұрғындарына ақ батасын беріп, елдің бірлігі мен ынтымағын тіледі.