Қызылқоға ауданында «Баталы елге бақ қонар» атты аудандық бата беру байқауы өтті. Ұлттық құндылық ұлықталған сайыста көпшілік көнекөз қариялардан батаның түр-түрін тыңдады, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.
Үміткерлер ел есіндегі және тарихта есімі сақталған тұлғалардың баталарын нақышына келтіру айту, ұлттық салт-дәстүрлердің біреуіне арнап, өзінің батасын беру кезеңдері бойынша сынға түсті.
Байқауға Миялы, Жангелдин, Көздіғара, Жамбыл, Тасшағыл ауылдық округтерінен үміткерлер қатысып, оларға Қазақстан Республикасының Мәдениет қайраткері, «Қызылқоға ауданының құрметті азаматы», аудандық әкелер кеңесінің төрағасы Яқып Сағидолла, Миялы ауылдық округінің ардагерлер кеңесінің төрағасы Мұханбет Жаубасар, Жамбыл ауылдық округінің ардагерлер кеңесінің төрағасы, «Ата баба аманаты» ата-әжелер арасындағы облыстық байқаудың II орын иегері Ізтұрғанов Иғали төрелік етті.
Ас қайыру батасынан бастап Наурыз бата, жас жұбайларға арналған бата, шілдехана бата секілді баталары самай шашы бурыл тартқан ақсақалдарымыздың аузымен айтылғанда өте әсерлі естілді.
- Бата - ықылымнан жақсылық пен адалдықтың жаршысы. Сондықтан халқымыз батаны қысылғанда - қуат, қиналғанда - медет беріп, әрбір іс-әрекетіңе даңғыл жол ашып, бәле-жаладан қорғайды деп пайымдаған. Бата берген уақытта салмақтырақ, қай жерде бата беріп тұрғаныңа сай даусын ырғағымен әсерлендіру керек. Өткен жылдардан салыстырғанда бата берер азаматтарымыздың деңгейі артқан. Сондықтан батаменен еліміз- жеріміз көгере берсін,- дейді қазылар алқасының төрағасы Сағидолла Яқыпұлы.
Байқаудың қорытындысына сай Көздіғаралық Сырым Аққожиев «Қазыналы қарт», Жамбылдық Ахмет Айшанов «Батагөй қария», Тасшағылдық Ізбасар Бердешов «Парасатты қария», Жангелдиндік Ерболат Қазиев «Өнегелі қария», Миялылық Талғат Қанатқали «Заманауи қария» номинациялары бойынша марапатталып, ақшалай сыйлық табысталды.