ATPress.kz. 10 қараша. Қарт Каспий теңізінің жағалауындағы Зинеден ауылы туристік кешен салуға қолайлы жер. Алайда, үлкен инвесторларды қажет етеді.
- Бұл жайында кәсіпкерлер форумында ұсыныс жасадық. Мақсат ішкі және сыртқы туризмді дамытып, жергілікті тұрғындардың денсаулығын жақсарту. Оған Хорватия, Словакия елдерінен келген кәсіпкерлер қызығушылық танытты, - деді Исатай ауданының әкімі Тұрарбек Сұлтанбеков.
Сондай-ақ, Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифинг барысында Т. Сұлтанбеков БАҚ өкілдері тарапынан қойылған бірқатар сұрақтарға жауап берді. Оның бірі бес мыңға тарта тұрғыны бар Тұщықұдық ауылының мәселесі. Ауыл тұрғындарының үштен бірі ауыз судың зардабын тартып келеді. Бұл мәселені әкім: «Ақ бұлақ» бағдарламасымен шешуге жоспарладық. Қазір қаржысы бөлініп, жұмыстар басталып жатыр. Қараша айының соңына дейін халықты толықтай ауыз сумен қамтитын боламыз», - деді.
Бұдан бөлек, теміржолдың екі бетін мекендейтін тұрғындар үшін аудан орталығынан аспалы көпір салу жұмысы жоспарда тұр.
Бүгінде Исатай ауданы іскерлік байланыс орнату мақсатында көршілес Батыс Қазақстан, Ақтөбе, Маңғыстау облыстарының бірқатар аудандарымен тәжірибе алмасып келеді.
Нұрбейбіт Нұғыманов
Сурет автордікі