ATPress.kz. 11 ақпан. Дендер жұрты хас батыр Боран Нысанбаевтың туғанына 100 жыл толу датасын атап өтті.
Шаралар легі таңсәріден Индербордағы мәңгі алау жанған боздақтар ескерткіші алдындағы митингтен бастау алды. Онда Индер ауданы әкімі Серік Арыстан мен шараға арнайы келген Атырау облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Қатимолла Ризуанов аудан жұртын дәстүрлі ерлік мерекесімен құттықтап, ескерткішке гүл дестелері қойылды.
Өшпес ерлікке арналған шара кезінде Б.Нысанбаев ерлігін насихаттап, ұлықтау шараларына үлесін қосып жүрген Қатимолла Ризуанов, батырдың туыстары Нүрия Хамидуллина, Кенжебай Нысанбаев, Өтеп Нұриев, Мырзабай Егінбаев, Лұқпан Есенғалиев, Әбуғали Сапиев, Қуаныш Абдырахмановқа Боран атындағы мерекелік медальдар табысталды.
Тағы бір жаңалық – атаулы дата аясында «Ақ Жайық» халықтық театры (қоюшы режиссер Шаида Оразғалиева) драматург, Орел өңірінде болып қайтқан жерлесіміз, Индер аудандық газетінің бұрынғы редакторы Төлеубай Ысқақовтың бір актілі, екі көріністі «Бұл Лескиде болған еді..» пьесасын сахналады.
Мұндағы оқиға желісі батырдың ерлік сәті мен басқыншылар тепкісінде қалған Орел жеріндегі Муратово деревнясындағы жағдайларға құрылды.
Сүйеу Халықов,
Индербор – Көктоғай - Индербор