АTPress.kz. 16 мамыр. Кеше Атыраудың тумасы, ҚР Халық әртісі, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының профессоры Ғафиз Есімов Атырау өлкесінде 70 жылдық мерейтойына арналған шығармашылық кешін берді.
Мерейтойға Ғафиз Есімовтің Қазақстанның әр түпкіріндегі сапарлас болған достары, үзеңгілес жолдастары жиналды. Бұған дейін Атырауда мерейтой аясында халық әртісінің құрметіне арналған академиялық әншілердің республикалық байқауы ұйымдастырылған болатын. Үш күнге созылған байқаудың жеңіпмаздары да осы кеште өнер көрсетті.
Атырау - дәстүрлі әнді бағалайтын, өнерді түсінетін өлке екенін айтқан аймақ басшысы Нұрлан Ноғаев мерейтой иесіне ілтипат білдірді. Кеш барысында Ғафиз Есімовке Атырау облысының «Құрметті азаматы» атағы беріліп, облыс әкімінің қолдауымен халық әртісінің шығармашылығына арналған антологияның тұсауы кесілді. Антологияда әртістің сомдаған рөлдері мен ән күйі жинақталған үнтаспалары енген.
- Біртуар перзентім деп құрметтеп төбесіне көтерген Атырау халқына және оны басқарып отырған, кешегі үлкен конкурстың өтуіне мұрындық болған облыс әкімі Н.Ноғаевқа өзімнің атымнан және Махамбет ауданындағы 91 жастағы анамның атынан алғыс білдіремін, - деді кеш иесі.
Мереке Асанова