ATPress.kz. 28 қараша. Бүгін Атыраудағы Ұлттық банк филиалында алтын мен күмістен жасалған монеталар мен банкноттардың көрмесі тұрғындар назарына ұсынылды.
Олардың сапында түрлі-түске әрленген және көздері гауһар тастан қойылып, барыс бейнесі бейнеленген алтын монеталар мен салмағы 1 келі құрайтын 10 мың теңгелік монеталар бар. Шара ел тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай «Ұлы Дала Елінің» 25 жұлдызды күндері - Тәуелсіздіктің 25 негізі» жоспары шеңберінде өткізіліп отыр.
Ашық есік күні барысында оқу орнының студенттеріне қазақстандық монеталардың сапасы мен оның қайда және қалай шығарылатындығы туралы мағлұмат берілді. Мұндағы мақсат Қазақстанның бай мұрасын ұрпақ жадына сіңіру, дейді ұйымдастырушылар.
Ұлттық банктің Атырау филиалы директорының орынбасары Серік Омаровтың айтуынша, ҚР-ның Ұлттық банкі (ҰБ) 23 жыл ішінде күміс монетаның 142 түрін, алтын монетаның 50 астам түрін шығарған. Олар коллекциялық, инвестициялық және ескерткіш монета болып үшке бөлінеді. Ұлттық банктің номиналы 500 теңгелік «Ана» ескерткіш күміс монетасы Ресейде өткен үздік монеталар конкурсында «Жыл монетасы» номинациясын жеңіп алған. Ал, банкноттар 23 жылда төрт сериядан өтті. Олардың алғашқысы қазақтың біртуар тұлғалары бейнеленген портрет сериясы болса, екінші сериясы Әл-Фараби деп аталады. Үшіншісі – бәйтерек, төртіншісі – самұрық сериясы. ҚРҰБ-де 23 жыл бойына қызмет етіп келетін Талғат Қадірғазиев Қазақстанның монета тарихы 500-600 жыл бұрын табылған Сарайшық монетасынан басталатындығын айтады. Дәріс бойынша шарада студенттерге сұрақтар қойылып, естелік сыйлықтар берілді. Көрмеге Ұлттық банк қызметкері коллекционер Махамбет Маденов бүгінде банк филиалында сақталмаған 15 жуық монеталар жинағын әкеліп қойған.
- Отыз бес жылдан астам уақыт бойына монета жинақтаумен айналысып келемін. Бүгінде менде 120 елдің бес жүзге жуық монеталары бар. Бүгінде Ұлттық банк кассаларындағы монеталардың сатылым бағасы он екі мың теңгеден басталады, - дейді ол.
Нұрбейбіт Нұғыманов
Сурет автордікі