Атыраулық бишілер халықаралық жарыста жеңіске жетті

Қазақстан, Ресей, Өзбекстан арасында өткен халықаралық «Сокол арт» дарынды балалар конкурсынан «Еркетай» және «Әсем-ай» би топтарының биші қыздары 1 орын иеленді, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі. 

Конкурс 17-21 тамыз аралығында өтті. Атыраудан Абай орталығынан 7-9 жас аралығындағы 12 биші оқушы қатысып, Жаннат Балатуева жетекшілігімен театрландырылған би номинациясында «Алладин» қойылымдық биімен бірінші орын иеленді. 

«Конкурс Ташкент қаласында «Одаренные дети» қоғамдық қорының ұйымдастыруымен өтті. Қазақстан, Ресей, Өзбекстаннан дарынды балалар барды. Жақсы өнер көрсетіп, бірінші орынға ие болдық. Сонымен бірге, 5-6 жас аралығында өнерпаздар арасында өнер көрсеткен "Әсем-ай" тобы қазақ биімен бірінші орынды жеңіп алды. Бұл тамаша нәтиже деп ойлаймын» деп айтты Абай атындағы Атырау қаласының оқушылар орталығының педагог-хореографы Жаннат Балатуева. 

Сонымен қатар, театр тарландары театр бойынша хореографтар «Театрландырылған хореография» номинациясы бойынша гран при жеңіп алды. 

Жеңімпаздарды Атырау теміржол вокзалынан күтіп алдық. Олар «Тальго»пойызымен келді.

Биші қыз Мадина Сайлаудың айтуынша, олар жеңістеріне сенімді болды. Жақсы дайындықтың арқасында, әрі жетекшінің қолдауымен бүгінгі дәрежеге жетіп отыр. 

«Балалар Түркияға жолдама ұтып алды, енді қараша айында Түркияда Стамбулда өтетін халықаралық конкурсқа қатысады. Мен мұндай жаңалыққа өте қуаныштымын» деп айтты ата-ананың бірі Баян Атайманқызы. 

Еске сала кетелік, 17-19 тамыз аралығында Өзбекстан астанасы Ташкент қаласында "Сокол арт" дарынды балалар конкурсы өтті. Түрлі номинациялар бойынша өткен конкурста 400-ден астам өнерпаз өнер көрсетті. 

Қасиет Бахкерейқызы