Н.Жантөрин атындағы облыстық филармония концерт залында әсерлі ән кеші өтті. Филармония әншісі, Мәдениет қайраткері Ханзада Сақыпова атыраулықтар мен қала қонақтарына «Сағындырған сырлы саз» атты есептік концерттік бағдарламасын тарту етті, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.
Отыз жыл бойы өнерге қалтқысыз қызмет етіп келе жатқан өнерпазын халық ыстық ықыласпен қарсы алды. Кеш иесі алдымен қолына қара домбырасын алып, «Жезкиік», «Ән-домбыра», «Қалқа» сияқты әндерімен шымылдық ашты. Кейін Мәдениет саласының үздігі Ержан Қитаров жетекшілік жасайтын «Мұрагер» фольклорлық ансамблімен бірлесіп «Гүлдарай», «Өзіңсің», «Секіртпе», «Қаздар қайтқанда», «Ой-көк» сынды толғауы терең шығармаларды шырқап, көрермендерге әуезді әуен айдынында жүзуге мүмкіндік сыйлады.
Жалпақ жұртшылыққа жақсы таныс дуэт те осы концертте бой көрсетті. Атап айтқанда, Мәдениет қайраткері Ханзада Сақыпова пен Мәдениет саласының үздігі Назым Шаймарданова Исламхан Байгисиевтің «Аққулар» әнін орындап шықты. Музыкалық сүйемелдеген – Шәмші Күзембаев.
Одан бөлек, кеш иесін қолдап келген арнайы қонақтар – інісі Батырхан Қияқбаев, Д.Нұрпейісова атындағы академиялық қазақ халық аспаптар оркестрінің әншісі Айбек Сапанов жеке және Ханзада Қияқбайқызымен дуэтте бір-бір шығарма орындады.