Атырау қаласының Жастар ресурстық орталығы және «Елсана» руханият-патриоттық қауымдастығының ұйымдастыруымен жастарға ұмыт болған салт-дәстүрлерді насихаттайтын «Dastur Talqy» кездесуі өтті, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.
Өңірлік коммуникациялар қызметі мәлім еткендей, кездесу басында «Елсана» патриоттық қауымдастығының президенті Нұрберген Дәулетов іс-шараға қатысушыларға ұрпақтар сабақтастығы мен қазақ салт-дәстүрлерінің маңызы туралы айтты. Сондай-ақ қариялар жас ұрпаққа өсиет әңгімелерін айтып, олардың сұрақтарына жауап беріп, пікір алмасты. Одан соң ұлттық дәстүр туралы бейнематериал қаралып, командалық жарыс ұйымдастырылды.
- Алаңның жоспарына сәйкес бүгінгі іс-шара салт-дәстүрлерімізді дәріптеп, қазіргі тұрмыс-тіршілікке және заманға сай келетіндей етіп дайындап, ұрпаққа қалдыру. Алдағы уақытта мұндай жобаларымыз ене мен келін сыйластығы, отбасы жарастығы, мұсылманшылықты қалай сақтау керек деген сынды тақырыптарда өрбімек. Атадан балаға мұра болып келе жатқан әдет-ғұрпымыз ешқашанда жоғалмайды. Қарға тамырлы қазақтың жүрегі соғып тұрса, салтымыз бен дәстүріміз жалғасын тауып, жаңғыра береді. Қазіргі жастардың алғырлығы мен талпынысы, сауаттылығы мен өркениеттілігі қуантады. Заман ағымынан қалмай ілгері қарай дами береді деп үміт артамын. Қазақ елінің перзенті болғанын мақтан тұтып, ұлтына жасампаздықпен жақсы қызмет жасай берсін деп тілеймін,- деді «Елсана» руханият-патриоттық қауымдастығы «Дәстүр» алаңының жетекші Роза Қожамбергенова.
Айта кетейік, қауымдастықтың бұдан басқа «Саналы ұрпақ», «Инабат», «Алтын сақа», «Алтын адам», «Алаш жастары», «Қара майор», «Алтын аймақ», «Бабалар үні», «Алтын қайық», «Шабыт шандозы», «Аманат», «Көкжал» және тағы да басқа алаңдары мен 2 мыңнан астам мүшелері бар.