Атырауда Алғыс айту күні аталып өтті

1 наурыз – Алғыс айту күніне орай облыстық халық шығармашылығы орталығында мерекелік шара өтті, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі. 

Түрлі этнос өкілдері өнер көрсеткен қызықты шараға жиналған көпшіліктің қарасы қалың болды. Облыс әкімінің аппарат басшысы Нұрлыбек Жеңісбекұлы жиналғандарды айтулы мерекемен құттықтады. Ол атаулы күннің мән-маңызы мен тарихи тағылымына тоқталды.

– Қыстан аман шығып, жуанның жіңішкеріп, жіңішкенің үзілер шағымен сүйіншілеп келетін, көктемнің алғашқы күні аталып өтетін 1 наурыз Алғыс айту күнімен баршаңызды құттықтаймын! Бұл айдың басында адамдар бір-біріне алғыс айтып, жүрекжарды лебізін білдіріп бастаса, алғашқы онкүндігінде нәзікжанды азаматтардың мерекесі 8 наурыз халықаралық әйелдер күнін атап өтеді. Биыл Президенттің тапсырмасымен Наурыз мейрамын кең көлемде ерекше мерекелік элементтермен өткізуді көздеп отырмыз. Сонымен қатар, көктем айында III Ұлттық құрылтай біздің өңірде өтеді деп жоспарланып, еліміз үшін пайдасы зор басқосу болады деп күтіліп отыр. Бұл мереке жалпыұлттық бірліктің, татулықтың, әртүрлі этнос өкілдері арасындағы ынтымақтың нышаны іспеттес. Қазақ елінің пейілі мен мейірімі құдды дархан даласы мен шалқар көліндей, – деді ол.

Жалпы, елімізде алғаш рет Алғыс айту күні ресми атаулы күн болып белгіленген кезде халық оның шынайы мән-мағынасы мен мақсат-мұратын түпкілікті түсіне қоймады. Мұны азаматтардың жаппай өздерін дүниеге әкелген ата-аналарына, жақын-жуықтары мен дос-жарандарына ризашылықтарын білдіріп жатқанынан айқын аңғаруға болады. Ал, шын мәнінде, бұл күн – елімізде бекем бірліктің арқасында тату тірлік кешіп жатқан түрлі этнос өкілдерінің қазақ халқының қонақжайлығы үшін алғыс білдіретін салтанатты сәт.

Мерекелік шарада «Иверия» грузин, «Тхоньил» кәріс, «Былина» орыс, «Вайнах» шешен-ингуш және басқа да этномәдени бірлестік өкілдері мың бұрала билеп көрермен көзайымына айналды. Ал, жергілікті өнерпаздар ән әуелетіп, тыңдарманның құлақ құрышын қандырды. Жиналғандар шарадан ұмытылмас әсер алып тарқасты.

Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ

Фото: Ерлан АЛТЫБАЕВ