Ассамблея мүшелері алтын медальдармен марапатталды

АTPress.kz. 22 желтоқсан. Атырау облысы Қазақстан халқы Ассамблеясының XX сессиясы барысында елдегі бірлік пен тұрақтылықты нығайтуға қосқан үлесі үшін бірқатар Ассамблея мүшелері марапаттарға ұсынылды.

Жиында Атыраудағы «Вайнах» шешен-ингуш этномәдени бірлестігінің, «Новруз» әзірбайжан, «Возрождение» болгар, «Еділ-Жайық» қарақалпақ этномәдени бірлестігінің төрағалары Қазақстан халқы Ассамблеясының «Бірлік» алтын медалімен марапатталды. Қазақстанның әлеуметтік экономикалық және қоғамдық дамуына қосқан үлесі үшін «Бірлік» алтын медаліне ие болғандардың қатарында «Довира» украин этномәдени бірлестігінің мүшесі Шамиль Нестеров, «Видергебурт» неміс этномәдени бірлестігінің мүшесі Людмила Денисова, облыстық «Прикаспийская коммуна» қоғамдық-саяси газетінің бөлім меңгерушісі Надежда Тулина да бар. Бұдан бөлек, бірқатар азаматтарға қазақстандық патриотизмді нығайтуға қосқан үлесі үшін Қазақстан халқы Ассамблеясының құрмет грамотасы мен алғыс хаты және Атырау облысы әкімінің алғыс хаты табыс етілді.   

Салтанат сарайында өткен түрлі ұлт өкілдерінің басқосуында Атырау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев сессияға қатысушыларды ел тәуелсіздігінің мерейтойымен құттықтап, Ассамблеяның 2016 жылы атқарған жұмыстарын саралады. Хабарлама барысында мемлекет басшысының Қазақстан халқы Ассамблеясының XXIV сессиясында берген тапсырмаларының орындалысы да сөз етілді. 

«Атырау - бейбітшілік пен келісімнің мекені деп нық сеніммен айта аламын. Қазақстан ширек ғасырда жаңа белес биігінен көрінсе, ол алдымен сіздердің ел дамуына қосқан үлестеріңіз. Бұл елдегі тұрақтылық пен ынтымақтастықтың жемісі. Алдағы уақытта да ынтымағымыз ортаймай, ел бірлігі жолында атқарар жұмыстарыңызға сәттілік тілеймін», - деді Атырау облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясының төрағасы Н.Ноғаев

Сессия барысында облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясының жаңа мүшелері мен Ассамблея кеңесінің 35 адамнан тұратын жаңа құрамы бекітілді.  

 

Мереке Асанова

Сурет Рахим Қойлыбаевтікі