ATPress.kz. 30 қараша. Тәуелсіздік келген жылдар Қызылқоға ауданының екінші тынысын ашты. Аудан тұрғындар бұрын мал шаруашылығымен ғана айналысып келген болса, егемендік алған алғашқы жылы мұнда тұңғыш мұнай көзі ашылып, өндіріле бастады.
Содан бері 25 жылдың ішінде аудандағы өнеркәсіп өнемінің көлемі 37 есеге артып отыр. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте мәлім болды. Қызылқоға ауданының әкімі Мақсот Мұқановтың айтуынша, ауданда тәуелсіздік алған жылдары 4 мектеп, 4 жатақхана, 4 саз мектебі мен 14 денсаулық сақтау нысаны пайдалануға берілген. Бұдан бөлек ауданға қарасты 25 елді мекенде 300 астам кәсіпкерлік нысандар тұрғындарға қызмет көрсетіп келеді.
- Жаңадан іске асырылған жобалардан, «Абердин-Ангус-Атырау» ЖШС-і 300 миллион инвестициялық несие алып, Австрия және Канада елдерінен 500 бас ет бағытындағы сиыр сатып алынды. Биылғы жылы Миялы ауылынан түшпара, манты, шұжық, кептірілген ет өнімдерін шығаратын «Миялы» сервистік дайындау орталығы ашылып, жұмыстарын бастады. Мұндай нысандардың ашылуы тәуелсіздік алғаннан бері аудандағы ауыл шаруашылығы саласының дамуының жаңа бағыттары болып саналады, - дейді М.Мұқанов.
Ал, Тайсойған елді мекенінде полигоннан қайтарылған жерлерге қандай жұмыстар жүргізілуде, деген ATPress.kz. тілшісінің сауалына, аудан әкімі М.Мұқанов:
- Қазір мұнда жиырмаға жуық жеке малмен отырған шаруашылықтар бар. Алайда, олар бұрын Ресей жерінде болғандықтан заңды түрде шаруа қожалық болып тіркелмеген. Соның салдарынан мемлекет тарапынан берілетін көмекті де ала алмады. Қазір Тайсойған жерінен жаңадан 5 шаруа қожалығына жер бергелі отырмыз. Тайсойған 100 мың тоннаға дейін мал азығын дайындауға болатын үлкен участок. Қайтарылған жерлер халықтың пайдасына шешіледі, - деп жауап берді.
Нұрбейбіт Нұғыманов
Сурет автордікі