ATPress.kz. 23 қараша. Тәуелсіздік жылдарында Құрманғазы ауданында заманауи 14 мектеп, 8 балабақша, 6 денсаулық сақтау саласының нысандары пайдалануға берілді. Бұдан бөлек, осы жылдың соңында 10 тұрғын үй тапсырылады деп жоспарлануда.
Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте айтылды. Құрманғазы ауданының әкімі Бибоз Шаяхметовтың мәліметіне сүйенсек, ауданда егін, мал, балық шаруашылығы қарқынды дамып келеді.
Бүгінде Шортанбай селосындағы «Каспий балық» өндірістік кооперативінің №1 балық өндеу цехы 21 түрлі балық өнімдерін шығарып, алыс шет елдерге саудалап отыр.
- Аудандағы Сүйіндік, Құрманғазы, Ақжонас, Мақаш секілді төрт асыл тұқымды мал өсіретін шаруа қожалықта 48 мыңға жуық асыл тұқымды Еділбай қойы өсіріледі. Кәсіпкерлік саласы бойынша шаруа қожалықтарын ашуға әйелдердің де қызығушығы артып отыр. Ауданда 605 шаруа қожалықтары болса, оның 67 шаруа қожалығын әйел адамдар басқарады, - дейді Құрманғазы ауданының әкімі Бибоз Шаяхметов.
Сондай-ақ, биыл Құрманғазыға өр суының көп келуіне байланысты кейбір елді мекендерді су басып кету қаупі болған. Келер жылы одан да көп келеді деген болжам бар. Мұның алдын алу мақсатында қандай жұмыстар атқарылуда, деген ATPress.kz тілшісінің сауалына Б.Шаяхметов:
- Қазіргі уақытта жергілікті бюджеттен 47 млн. теңге қаржы бөлініп, Дынғызыл, Шортанбай, Көптоғай, Кудряшов ауылдық округтерінде судан қорғану бөгеттеріне жөндеу жұмыстары басталды. Осы жылдың желтоқсан айында толықтай аяқтаймыз, - деп жауап берді.
Нұрбейбіт Нұғыманов
Сурет: Ерлан Алтыбаев