Мемлекеттік бағдарламалар аясында несиелендіру жалғасуда

ATPress. 18 мамыр. Бүгін Өңірлік коммуникациялар қызметінің баспасөз брифингінде мемлекеттік бағдарламалар аясында ауылдық жерлердегі шағын және орта бизнесті несиелендіру шарттары туралы айтылды.

Брифингке қатысқан «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ Атырау филиалының директоры Гүлзада Шалагулова - «Бизнестің жол картасы  2020» (БЖК-2020), «Ауылдық жерде шағын және орта бизнесті дамыту» бағдарламалары аясындағы несиелендіру мәселесіне тоқталды.

«Бизнестің жол картасы  2020» бағдарламасы бойынша, түпкі қарыз алушы жеке ісін ұйымдастыру немесе кеңейту шектеулерсіз айналым капиталын толықтыру мақсатында несие ала алады. Несиенің максималды сомасы – 10 000 000 теңгеден аспайды, жылдық сыйақы мөлшерлемесі - 12 %, несие қаражатын пайдалану мерзімі 54 айға дейін. 

- Ал «Ауылдық жерде шағын және орта бизнесті дамыту» бағдарламасы аясында жаңа жұмыс орындарын ашу және аймақтың экономикалық құрылымын жақсарту мақсатында облыстық бюджеттен қаражат бөлініп, несие жылдық сыйақы мөлшерлемесі – 7% төрт жыл мерзімге дейін беріледі. Несиенің максималды сомасы – 8000 АЕК дейін, - деп атап өтті Г. Шалагулова.

Сонымен қатар, БЖК-2020 бағдарламасы бойынша тұтынушылық мақсатқа, алдыңғы кредиттерді өтеуге, жылжымайтын мүлік, жер учаскесін сатып алуға және жалға алу ақысын төлеуге несие берілмейді.

 

Даурен Бекбол

Сурет Рахим Қойлыбаевтыкі