Шаханов шеруі: Атырауда студенттер арасында поэзия кеші өтті

Тәуелсіздік күніне орай Халық жазушысы, Еңбек Ері Мұхтар Шахановтың 80 жылдық мерейтойы аясында “Шаханов шеруі. Студенттер жырлайды” атты поэзия кеші өтті, деп хабарлайды AtyrauPress.

Жыр кеші Сафи Өтебаев атындағы Атырау мұнай және газ университеті облыстық білім беру басқармасының қолдауымен ұйымдастырылды. Поэзия кешінің шымылдығын «Сармат» республикалық этно-фольклорлық ансамблі рухты композицияларымен ашты.

 

"Техникалық бейіндегі Сафи Өтебаев университеті жоғары оқу орындарының үшінші миссиясы қоғамның өркендеуіне үлес қосу, рухани-мәдени әлеуетін көтеру жұмысына маңыз беріп келеді. Кеш мақсаты - әлем таныған ақынның шығармашылығын дәріптеу, орта кәсіптік техникалық колледждердің студенттері арасында шығармашылық байланыс орнату. Бұл шара арқылы біз техникалық оқу орындарының білімгерлері де рухани жағынан бай, шығармашылыққа да жақын, өнерлі екенін көрсеткіміз келді, - деді кешті сөз сөйлеп ашқан Сафи Өтебаев атындағы мұнай және газ университетінің ректоры Гүлзада Тәңірбергенқызы.

  Іс-шараға Apec Petrotechnic Жоғары колледжі, Саламат Мұқашев атындағы Атырау политехникалық колледжі, Каспий өңірінің қазіргі заманғы жоғары колледжі, Оңайбай Көшеков атындағы Атырау аграрлы-техникалық колледжі, Атырау Бизнес жəне Құқық колледжі, Дина Нұрпейісова атындағы кіші өнер Академиясы студенттері жастарынан құралған 200-ге жуық студент қатысты. Олар ақынның Тәуелсіздік, желтоқсан оқиғасы тақырыбына арнаған отты жырларын көптің назарына ұсынды.

  Кеш қонағы "Сарайшық" журналының бас редакторы, белгілі ақын, журналист Гүлзада Ниетқалиева Мұхтар Шахановтың "Нарынқұм зауалы" поэмасын жатқа айтып, өлеңсүйер көпшіліктің көңілін толқытты. "Нарынқұм зауалы" – ақын Мұхтар Шахановтың Махамбет Өтемісұлы туралы жазған жыры. Бұл поэма -  Махамбеттің күрескерлік айбынын, ұлттық болмысын, ақындық тереңдігін, азаматтық парасатын танытатын әйгілі шығарма. Оны атыраулық ақын Гүлзада Ниетқалиевадан тыңдаған жастар ақын жырындағы кейіпкердің сом тұлғасы мен оны жеріне жеткізе жырлаған ақын шеберлігіне тағы бір мәрте қанықты.

Іс-шарада, сондай-ақ Ғабдол Сланов атындағы Атырау облыстық ғылыми әмбебап кітапханасының “Ғасырдың ғаламат ақыны” кітап көрмесі ұйымдастырылды. Оған ақынның әр жылдары жарық көрген жинақтары топтастырылған.

Кеш соңында қатысушыларға бағалы сыйлықтар мен алғыс хаттар ұсынылды.