Атырауда Абай оқу орталығындағы үйірмелер толықтай тегін дәріс береді

Атырау облыстық Абай атындағы оқушылар орталығындағы үйірмелер наурыз айынан бастап толықтай тегін жұмыс жасайды, деп хабарлайды Атырау облыстық өңірлік комуникациялар қызметі.

Бұл туралы орталықтың әлеуметтік желідегі ресми парақшасында жарияланды.  
«Осы жылдың наурыз айынан бастап орталықтағы барлық үйірмелер тегін (ақысыз) түрде жұмыс жасайды» делінген хабарламада.
Орталық басшылығынан білгеніміздей,  бұған дейін үйірмелердің басым бөлігі тегін болғанымен,  ағылшын тілі, би, спорттың таэквондо, дзюдо күресі түрлерінен дәріс ақылы беріліп келген. Биылғы наурыз айынан бастап олар да оқушыларға тегін қызмет көрсетпек.  
«Оқушылар орталығында 112 үйірме жұмыс жасайды. Орталық филиалдарында барлығы 4500-ге жуық оқушы тәлім алады.
Үйірме түрлерін оқушылар өздері таңдайды. Бір оқушыға 2 немесе одан да көп үйірмеден дәріс алуына мүмкіндік бар. Оқушыларды  e-қызмет порталы арқылы онлайн түрде тіркеуге болады»  дейді Абай атындағы облыстық оқу орталығы директорының бейін бойынша оқыту жөніндегі орынбасары Макаш Ильясов.