Атырау инженерлік-гуманитарлық институты сот арқылы білім беру қызметі құқығын қалпына келтірді. ҚР БҒМ жоғары оқу орнына бас лицензиясын қайтарып берді, деп хабарлайды AtyrauPress.
Естеріңізге сала кетейік, 2022 жылдың көктемінде ҚР БҒМ ақпараты бойынша ЖОО-да білім беру ұйымдары қызметінің үлгілік қағидалары, мемлекеттік стандарт және біліктілік талаптары сақталмаған. Аталмыш көптеген бұзушылықтар оқу орнын тексеру кезінде анықталып, нәтижесінде университет лицензиядан айырылды. 1640 студент бортта қалды. Біраз уақыттан кейін олар басқа университеттерге таратылған. Дегенмен университет басшылығы бас тартпай, ведомствоның шешіміне шағымданды. Атырау инженерлік-гуманитарлық институтының ректоры Әділбек Тұрдалиевтің айтуынша, институт 2001 жылдан бері өңірдің халық шаруашылығы үшін 8000-нан астам жоғары білікті мамандар даярлаған Атырау облысындағы жалғыз жеке жоғары оқу орны болып табылады.
"ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі саласындағы сапаны қамтамасыз ету Комитетінің 2023 жылғы 26 қаңтардағы бұйрығы негізінде Атырау инженерлік-гуманитарлық институтының бас лицензиясы қалпына келтіріліп, e.gov электрондық үкіметтің сайтында орналастырылған. 2023 жылдың 14 ақпанынан бастап, институттың бас лицензиясы мен қосымшалары жарамды. Институт біздің студенттер оқыған 18 білім беру бағдарламасы бойынша барлық 8 бағыт пен қосымшалар бойынша білім беру қызметін жалғастыру мүмкіндігіне ие”, - деп айтты.
Оның айтуынша, қазіргі уақытта білім беру процесі басталмаған, институтта оқуды жалғастыруға ниет білдірген студенттерден құжаттарды қабылдау процесі жүріп жатыр. Негізінен, бұл ЖОО лицензиясынан айыру кезеңінде оқудан шығарылған, сонымен қатар, басқа ЖОО-ға ауыстырылмаған студенттер. Сондай-ақ әртүрлі себептермен және өз қалауы бойынша оқудан шығарылған білім алушылар. Басқа жоғары оқу орындарында оқитын АИГИ студенттерін қайтару туралы әңгіме әлі жүріп жатқан жоқ. Бұл демалыс кезінде мүмкін болмақ.
Қасиет БАХКЕРЕЙҚЫЗЫ