«Шаңырақ» туралы айтсам...»: балалар ауылында өскен жан әлеуметтік желіде жазба қалдырды

Атыраулық Ғалия Лұқпанова Facebook және Instagram парақшаларында Атыраудағы «Шаңырақ» отбасы үлгісіндегі балалар ауылы жайлы жазба қалдырды, деп хабарлайды AtyrauPress.

Ғ.Лұқпанова өзі тәрбиеленген балалар ауылы жайлы өз шындығын алға тартты.

Оның айтуынша, дүниеге әкелген анасы презентханада тастап кеткен. 1996 жылы туған ол алғашында Атыраудағы Сәбилер үйінде, ал төрт жасқа толған соң «Шаңырақта» өскен.

«Алтын ұямның балаларға деген қамқорлығын сөзбен айтып жеткізе алмаймын. Ондағы тәрбиешілер менің адам болып қалыптасуыма барын салды. Өмірден өз орнымды табуыма көмектесті. 10 жыл өмірім сонда өтті. Біз апайларымызды «Мама» дедік. Ересек балаларды «Аға, апа» десек, кішкентайларға қамқорлық таныттық. Тәрбиеші анамыз бізді баласындай көрді. Мұңайған кезде жанымыздан табылды. Ұрысатын кездері де болды. Бірақ адам болсын деді. Бізге қол көтеріп немесе балағаттап, намысқа тиетін сөз айтқан емес. Тағдыр тәлкегіне ұшыраған түрлі мінезді баланы бауырмал болуға тәрбиеледі», - деп ағынан жарылды.

Бүгінде Ғалия Лұқпанова асыл жар және екі баланың анасы. Ол өзі көрген қиындықтардың біреуін де перзенттеріне көрсетпейтінін айтып отыр. Қазір қаладағы мектептердің бірінде дефектолог болып жұмыс істейді.

«Мен әлі күнге дейін тәрбиешілеріммен араласып тұрамын. Олар да мені мақтан етеді. Мұның бәрі «Шаңырақ» балалар ауылында алған тәрбиемнің арқасында. Сондықтан балалар ауылы жайлы әлеуметтік желілерге теріс пікір жазбауларыңызды, жөн-жосықсыз фото мен видео жариялауды тоқтатуларыңызды сұраймын», - деді жас маман.

 Естеріңізге сала кетейік, «Шаңырақ» отбасы үлгісіндегі балалар ауылында тәрбиешілер балаларға қол көтереді деген сыңайда шу шыққан болатын. Қазір тергеу амалдары жүріп жатыр.

Ал 11 шілдеде бұл мекемеге конкурстық рәсімдер аяқталғанға дейін уақытша жаңа басшы тағайындалды. Директордың уақытша міндетін Қасым Хадырұлы Мұқашев атқаруда.  

 

Мира НҰРТАЕВА