Қаладағы қоғамдық көліктерде жолақысын төлемеудің небір қулықтары артып отыр. Осыған орай «Smart Qala» ЖШС мен полиция қызметкерлерінен құралған топ жол ақысын төлеудегі тәртіпті сақтау бойынша рейд шараларын бастады, деп хабарлайды AtyrauPress.
1 тамыздан бастап рейдтік топ автобус жолаушыларын тексеруді бастады. Ұйымдастырушылардың айтуынша, әр адамның қолында жол ақысын төлегені туралы дәлелдеме болуы тиіс. Нақтылап айтқанда, смарт картасы және қолма қол төлеген жағдайда жүргізушіден алған чегі, Kaspi QR чегі болуы тиіс.
«Соңғы кезде жолақысын төлемейтіндердің қатары көбейді. Оған қоса, ата-аналар оқушы балаларының смарт карталарын пайдаланып жүр. Автобусқа кірген бетте сол карталарды валидаторға соғып кете береді. Бірінші топ мүгедектеріне жол ақысы тегін екені белгілі. Бірақ олар «бәрібір тегін ғой» деп карталарын валидаторға соқпайды. Ал әрбір карта жүйеден өтуі тиіс», - деді «Smart Qala» ЖШС-нің директоры Ләззат Досмағамбетова.
Жол ақысын төлеуден жалтарған жағдайда Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 622-бабының 2-тармағына сәйкес 2АЕК мөлшерінде айыппұл салынады. Ол – 6900 теңге.
Қаңтар-наурыз айларында да осындай рейд іс-шаралары кезінде түсіндірме жұмыстары жүргізілген.
Айта кетейік, Атырау қаласы карталық жүйеге 2019 жылдың қазанында қосылды. Сол уақыттан бері 227 мың карта жасалған. Оның басым бөлігі – 33 мың 261-і мектеп оқушыларының қолданысында.
Эльмира МЫҚТЫБАЕВА
Фотоны түсірген автор.