№19 мектептің күрделі жөндеу жұмыстарына қатысты қаланың бас педагогы сұхбат берді

Қаныш Сәтбаев атындағы №19 мектептің күрделі жөндеу жұмыстарына қатысты қалалық білім бөлімінің басшысы Айнагүл Дүйсекенова 12 қазанда шыққан ақпаратқа қатысты  ресми түрде мәлімет берді, деп хабарлайды AtyrauPress.

Естеріңізге сала кетейік, осыған дейін №19 мектептің күрделі жөндеуімен айналысып отырған «КазЕвроСтрой» ЖШС-нің өкілдері Ахан Құрманбеков пен Жансұлу Байменова қаржының жеткіліксіз бөлінуі салдарынан кестеден кешігіп отырмыз деп сұхбат берген еді. Оқу ордасындағы күрделі жөндеу жұмыстары жоспар бойынша, қарашаның соңында емес, желтоқсан айының соңына дейін толық аяқталады және балалар үшінші тоқсанда  жаңа мектепте оқиды деп сендірді. 

Ал Айнагүл Дүйсекенова орындалған жұмыстың аударылған ақшаға сай еместігін алға тартты. Сонымен қатар мердігерге қаржы аудару жағынан мәселенің жоқтығын және ол ақшаның мектептің есеп-шотында тұрғанын айтты. 

«Қаныш Сәтбаев атындағы №19 мектептің күрделі жөндеу жұмыстарын жасау үшін «КазЕвроСтрой» ЖШС мердігер деп танылып, 446 570 046 тенге 61 тиынға  келісім шарт жасалды. Бүгінгі күнге дейін мердігерге 201 774,0 мың теңге аударылған.  Алайда, орындалған жұмыс көлемі аударылған сомаға сәйкес келмейді, яғни ол толық көлемде орындалмаған. Шартқа қол қою кезінде мердігер 30% мөлшеріндегі аванстық төлемнен бас тартты.  Қаражат жұмыстың аяқталу актісі бойынша жасалады. Бұл нысандағы жұмыс өте баяу жүріп жатыр. Онда жұмысшылардың саны өте аз. Бүгінде мердігер келісім шартта өзіне жүктелген міндетті орындамай, тапсырыс беруші бекіткен жұмыс кестесінен қалып отыр. Бөлінген қаражат мектеп шотында болғандықтан, бұл нысанды қаржыландыруда еш қиындық жоқ. Мектеп директорының, қалалық білім бөлімі мен облыстық білім басқармасы басшысының ауысуы - жұмыстың жүзеге асуына кедергі емес. Өйткені мердігерде жұмыс көлемін орындау бойынша бекітілген сметалық құжаты бар. Мердігердің ақша аударылмауының салдарынан құрылыс жүрмей жатыр деген уәжімен келіспеймін. Өйткені бізге берілген қаражаттың әр тиынына заң алдында  жауап береміз және оны тек заң аясында ғана аударуға тиістіміз», - деді А.Дүйсекенова. 

Қаладағы №№ 31,22, 27, 13 мектептерде күрделі жөндеу жұмыстары кестеге сай жүріп жатыр және қалалық білім бөлімінің үнемі бақылауында. Айнагүл Дүйсекенованың айтуынша, белгіленген уақыттан кешікпеу үшін кейбір мектептерде құрылысшылар күндіз-түні тынбай еңбек етуде.

Айта кетейік, құрылыстың уақтылы аяқталуымен қатар, оның сапалы болуы да міндетті. 

Эльмира МЫҚТЫБАЕВА