Атыраудағы №19 мектептің жөндеу жұмыстары уақтылы аяқталмайтын болды

Қаныш Сәтпаев атындағы №19 мектептің күрделі жөндеу жұмыстары жоспар бойынша қарашаның соңында бітуі тиіс еді. Алайда қаржының жеткіліксіз бөлінуі салдарынан жобалық-сметалық құжатта көрсетілген межеден кешігіп отыр, деп хабарлайды AtyrauPress. 

Осыған дейін мердігер қазан айының соңында аяқтаймыз деп уәде берген еді. Мұны естіген ата-аналар «балаларымыз екінші тоқсанда өздерінің мектептерінде оқитын болды» деп бөрігін аспанға лақтырды. Алайда бүгін олардың қуанышы су сепкендей басылды. Өйткені күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізіп отырған бас мердігер «КазЕвроСтрой» ЖШС-нің өкілі Ахан Құрманбеков тіпті жоспарда көрсетілген мерзімге дейін де үлгере алмайтындарын мойындады. Енді ол 25 желтоқсанға дейін аяқтаймыз деп нық сеніммен айтып отыр. Жазда маусымның ортасынан тамыз айының ортасына дейін мектептің алқа-салқасы шығып, жұмыс тоқтап тұрды. Осыған дейін жазғанымыздай, оған мектеп директорлары тұрақтамай, қала берді қалалық білім беру бөлімі мен облыстық білім беру басқармасындағы ауыс-түйіс те кедергісін келтірді. 

«Мектепке жаңа басшы келген соң жұмыс жүре бастады. Соның өзінде төлем кешігіп түсті. Жұмысшыларға жалақысын уақытылы төлей алмағандықтан, кетіп қалды. Ақша түскеніне 3-4 күн болды. Енді жұмыс қарқынын арттырамыз. Жобалық-сметалық құжат бойынша бізде әлі 25 қарашаға дейін уақыт бар. Сосын келісім-шартта көрсетілгендей жұмысты дер кезінде орындамай, бір ай кешіккеніміз үшін айыппұл төлеп, қосымша бір ай алсақ деп отырмыз. Сонда 25 желтоқсанға дейін толық аяқтап, оқушылар үшінші тоқсанда өздерінің мектебінде оқиды. Егер жыл соңына дейін үлгермесек, бұдан кейін тендерге қатыса алмаймыз және біздің компания жосықсыз деп танылады. Мектептің сыртқы жұмыстары екі аптада аяқталады. Оған қажетті материалдар бар», - деді А.Құрманбеков. 

Мектеп директоры Есенжол Мұхамбетәлиевтің айтуынша, бас мердігер «КазЕвроСтрой» ЖШС күрделі жөндеумен айналысып жатқан қосалқы мердігерге ақшаны там-тұмдап беріп жатыр. 

«Техникалық қадағалау мекемесінің мамандарымен бірлесіп, орындалған жұмыстардың актісін жасаймыз. Жіті тексерілген соң қол қойылады. Мұнан соң келесі жұмыстарды жалғастыру үшін ақша бөлінеді. Ал қаржы дер кезінде түсіп жатқан жоқ және  аз мөлшерде беріліп жатыр. Қосалқы мердігер бас мердігерден үнемі ақша сұрап отырады. Соған байланысты жұмыс та кідіріп жатыр. Енді біз күн суытпай тұрғанда бүгін пластик терезелерді қоюды бастаймыз және жылу жүйесін ретке келтіріп аяқтау қажет. Олай дейтінім – жылуға қатысты жобалық-сметалық құжатта кеткен қателікті жөндеу керек. Мәселен, ЖСҚ бойынша диаметрі 20-лық трубалар салынған. Оны 25-ке ауыстыру керек. Әйтпегенде «АтырауЖылуЖүйелері» АҚ мамандары құбырлар ауыстырылмаса, жылу берілмейтінін айтып кетті», - деді мектеп директоры. 

«КазЕвроСтрой» ЖШС-нің тағы бір өкілі Жансұлу Байменованың айтуынша, құрылыс басталғанда мердігерге жұмысты бастау үшін қаржы берілмеген. 

«Бізге жөндеу үшін бөлінген қаржының 30 пайызын беруі тиіс. Бірақ базада кеткен қателікке байланысты ақша алмадық. Дегенмен өз қаражатымызды жұмсап, құрылысты бастап кеттік. Мектептің күрделі жөндеуіне 446 млн теңге бөлінген. Бүгінгі күнге дейін оның 139 млн теңгесін ғана алдық », - деді Ж.Байменова. 

Қазір жоғары сыныптар мектепке қарама-қарсы орналасқан жекеменшік ғимаратта, ал бастауыш сыныптардың 518 оқушысы №3 мектепте білім алып жатыр. Айнұр Қуанышқызы балалар ертерек №19 мектепке оралса екен дейді. 

«Менің қызым екінші сыныпта оқиды. Мектепке әкелген кезде балалар иін тіресіп тұрады. Үш ауысымда оқып жатыр. Балалар уақыттың ыңғайсыздығынан үйірмелерге де бара алмай отыр. Сабақ уақыты да қысқарған. Мәселен, менің қызымның сабағы 12.00-де басталып, 15.30-да аяқталады. Үшінші ауысымның оқушылары кіргенше еден жуамыз деп, балаларды жарты сағат бұрын босатады. Бір жақсысы балалар алысқа кетіп жатқан жоқ. Мектептің сиқы анау, биыл жөндеуі аяқталар ма екен?», - деді оқушының анасы. 

Мектеп директорының айтуынша, енді асхана орналасқан блокты тездетіп аяқтап, оқушыларға асты сонда дайындау қажет. Өйткені ыстық тамақ басқа мектептерде пісіріліп әкелінеді. 

Мектеп ішінде жылу жүйелерін жүргізуді және әрлеу сылағын аяқтау, сонымен қатар бояу жұмыстары қалды. Қазір онда бас-аяғы 26 адам жұмыс істеп жатыр. 

Эльмира МЫҚТЫБАЕВА