Атыраудағы №19 мектептің жөндеу жұмыстары II тоқсанға дейін аяқталмайтын түрі бар

Жоспар бойынша Қ.Сәтпаев атындағы №19 мектеп-гимназиясының күрделі жөндеу жұмыстары 28 қарашада аяқталуы тиіс. Бірақ мердігер осыған дейін қазан айының соңында бітіруге уәде берген. Олардың айтуынша, жұмыстың 70 пайызы орындалған. Ал уәде еткен күнге бір ай ғана уақыт қалды.

Күрделі жөндеу жұмыстары көктемнің соңғы айында басталды. Жұмысқа тұсау болған басты мәселенің бірі – тапсырыс берушілердің, яғни директорлардың бір емес, төрт рет ауысуы. Тамыздың 12-нен бастап бұл мектепке бесінші басшы тағайындалды. Осы ретте қосалқы мердігер өкілі Бейсенғали Төлендиев бірқатар мәселелерді алға тартты.

«Директорлардың бірнеше рет ауысуы біраз жұмысқа қолбайлау болды. Мәселен, жобаны жасаған кезде басқа директор, бізбен келісім жасалғанда басқа директор, одан кейін директордың міндетін атқарушылар болды. Олар да кетіп қалды. Қазіргі басшы Есенжол Мұхамбетәлиев келген кезде ғана жұмыс жүре бастады. Оның тағайындалғанына да бір айдан асты. Оған дейін тапсырыс беруші жоқ болғандықтан, құжатқа қол қоятын адам болмады. Онсыз ақша бермейді. Жұмыс істейік, мәселені шешіп беріңіздер деп облыстық білім басқармасына да бардық. Оның басшысы да ауысты. Қалалық білім бөлімінің басшысы да сол тұста ауысып кетті. Сол арада мектеп директорын тағайындайтын басшы болмады. Осылайша уақыт өткізіп жүріп қалдық», - дейді Б.Төлендиев.

Мектеп - сырты бүтін, іші түтін күй кешіп отыр. Оның сырты тек 80 пайызға ғана сайдингпен қапталған. Біз барғанда бірде бір жұмысшы болмады. Өйткені ғимарат сыртын қаптайтын құрылыс материалы жоқ. Мектеп директоры Есенжол Мұхамбетәлиев күрделі жөндеуге қолбайлау болып отырған себептерді атады.

«Бас мердігер құрылысқа қажетті ақшаны дер кезінде бермеген. Нысан басында адам саны аз, жұмыс барысы баяу, тіпті жазда құрылыс тоқтап қалған кездер де болған. Қазір мектептің үш қабатты Б, В корпустарында есік қою, еденге линолеум төсеу, электр, жылу, өрт сөндіру жүйелерін жасау қалды. Сосын күн жақ беттегі 76 терезенің әбден тозығы жеткендіктен, толық ауыстырылады. Жобалық-сметалық құжаттама бойынша мектеп биыл 28 қарашада пайдалануға берілуі тиіс. Бас мердігер – «КазЕвроСтрой» ЖШС. Олар қазан айының соңына дейін бітіре алмайды. Сол жоспарда көрсетілген уақытта аяқтаса да жаман емес. Дер кезінде ақша бөлініп, құрылыс материалдары алынса, мерзімінде бітер еді», - дейді Есенжол Мұхамбетәлиев.

Бейсенғали Төлендиев жөндеудің 70 пайызын еңсердік деп отыр. Сұхбат барысында межеленген уақыттан бір ай бұрын тапсырамыз деген уәденің орындалмайтынына қынжылды.

«Көктемде 40 шақты адаммен жұмыс бастадық. Негізі әр сала бойынша жұмыс қолы да әртүрлі. Қабырғаларды сылау, бояу секілді жұмыстар 65 пайызға, электрика жағы 50 пайызға аяқталып тұр.  Мектепті жөндеуді нөлден бастадық. Әу баста бізге қабырғаларды бетіндегі бояуынан тазалап, жеңіл сылақ жасап беріңдер деген. Бірақ әдбен тозығы жеткендіктен, ескі сылағы опырылып түсіп қалды. Содан кірпіші көрінгеше қырып, қайта сылап шықтық. Оның бетін сылап-сипап қойсақ, күндердің күнінде түсіп қалады. Одан бөлек технадзор да жұмысты қабылдамас еді. Содан біз жоба авторымен қайта келісіп, үш сылақпен сылап шықтық. Еден де қисық. Бізге 2 см бетон құю керек болса, біз оны 7 см-ге көтеруге мәжбүр болдық. Оған бетон құймас бұрын астын керамзитпен толтырдық. Неге десеңіз, төтенше жағдай ережесі бойынша, бала сыныпта шыққан кезде оның аяғына табалдырық не басқа да кедергілер болмауы тиіс. Яғни құлап, жарақат алу қаупі бар деген сөз. Ал мұнда дәліз бен сынып арасында айтарлықтай айырмашылықтар болды. Теңестіру үшін бетонды қалың етіп құйдық. Осы секілді басқа да кем-кетік тірліктер уақытты алып жатыр. Төбеге армстронг жабыстырамыз», - деп жұмыс барысымен бөлісті Б. Төлендиев.  

Қ.Сәтпаев атындағы №19 мектеп-гимназиясының күрделі жөндеуіне 446 млн теңге бөлінген. Осы уақытқа дейін оның 139 млн теңгесі жұмсалды. Айта кетейік, оқу ғимаратының негізі 1972 жылы қаланған. Сол уақыттан бері бірде бір рет күрделі жөндеу көрмеген. Тек әр жылдары белгілі бір аумағын ғана жамап-жасқаумен шектелген.

Қазір мектепте 1300 оқушы білім алып жатыр. Бастауыш сынып оқушылары көрші орналасқан №3 мектепте, ал жоғары сыныптар №19 мекетепке қарама-қарсы тұрған жекеменшік орталықта үш ауысымда және сенбі күні де оқуда. Мектеп басшысы «бұл ғимараттың болғаны да көмек болды, әйтпегенде балаларды қаланың басқа білім мекемелеріне автобуспен таситын ба едік» дейді.

Айта кетейік, бұл мектептен бөлек, №13, №31, №22 және №27 мектептерде жөндеу жұмыстары жүріп жатыр. Соның ішінде  №13 мектеп оқушылары жаңа оқу жылының алғашқы аптасын білім ордасының қабырғасында өткізіп, жөндеу жұмыстарының толық аяқталмауы себепті күні бүгінге дейін 1300 бала қашықтан оқуда.

Еске салайық, 9 қыркүйек күні Атырау қаласы прокурорының орынбасары Мирас Жалмурзин мен қалалық білім бөлімінің басшысы Айнагүл Дүйсекенова күрделі жөндеуден өтіп жатқан мектеп нысандарын аралады. Сол кезде М.Жалмурзин барлық жұмыстың сапалы, заң аясында жүргізіліп, мерзімінен кешіктірілмеуіне назар аударды. Сонымен қатар жобалық сметалық құжатта көрсетілген жұмыстардың мүлтіксіз орындалуы, қандай да бір өзгерістерді енгізу үшін заңды негіздемесі болуы қажеттігіне де баса назар аударды. Сол кезде прокурордың орынбасары №19 мектеп-гимназиясы мен №1 балабақша бойынша күрделі жөндеу жұмысының жүргізілуі баяу екендігін айта отырып, мердігерге келісім-шарт бойынша жұмыстарды аяқталу мерзіміне 2 айға жуық уақыт қалғандығын қатаң ескертті.

Ал 14 қыркүйекте облыс әкімінің орынбасары Жасұлан Бисембиев №19 мектеп-гимназиясына барып, жұмыс барысымен танысты. Сол кезде жұмысшылардың қазан айының соңында аяқтаймыз деп уәде бергені бар.

Атырау қаласындағы 5 мектептегі күрделі жөндеу жұмыстарына 1 млрд 740 млн теңге бөлінген. Бұл туралы облыстық білім басқармасының сол кездегі басшысы Гүлнәр Сәдуақасова наурызда өтікізілген брифинг барысында мәлімдеді. Тіпті, жөндеу жұмыстарын уақтылы үлгеру үшін оқушыларды (№31,19, 27 мектептер) сәуір айынан бастап қашықтан оқытпақ та болды. Бірақ балалар соңғы тоқсанды дәстүрлі форматта тәмамдап шықты.

Мердігер жоспарда көрсетілген уақытта жұмысты аяқтаймыз деп нық сеніммен айтып отыр. Оған дейін екі жарым ай ғана уақыт қалды. Әліптің артын бағайық...

Эльмира МЫҚТЫБАЕВА