Қазақ тілінде сөйлей алмаған энергетика министрі 6 айда тілді меңгеруге уәде берді

Үкімет отырысынан кейін журналистердің сұрағына жауап берген энергетика министрі Алмасадам Сатқалиев қазақ тілін меңгеру үшін алты ай уақыт беруді сұрады деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.

Журналистердің сұрағына қазақ тілінде толыққанды жауап бере алмаған Алмасадам Сатқалиев ана тілін білетінін айтады.

"Ана тілімді білемін, бірақ тілді білу деңгейімді көтеру керек. Маған жарты жыл беріңіз, мен қазақша барлық сұраққа жауап беремін. Жарты жыл уақыт берші. Сапалы болғанша, мен орысша жауап беремін", – деп мәлімдеді.  

Еске салайық, бұған дейін Алмасадам Сатқалиев депутаттардың сауалына қазақ тілінде жауап бере алмай, сынға ұшыраған еді. Қазақша сөйлеуге келгенде іркіліп, әбден қысылған министрге депутат Бақытжан Базарбек мемлекеттік тілде сөйлеуі керектігі жөнінде ескертпе айтты.

"Біріншіден, біз мемлекеттік қызметшіміз. Екіншіден, бұл міндетті шара, сөз сөйлеуге дайындалу керек. Үшіншіден, қазақша сөйлей алмасаң көмекшіңіз болуы керек", – деді депутат.