Құрманғазылықтар стадионға қатысты алаңдаушылық білдіруде

Тұрғындар аудандағы М.Әуезов атындағы мектеп стадионы жекенің қолына өтіп кете ме деп қауіптенеді, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.

1990 жылы салынған 624 орындық мектепте 841 бала оқиды. Ғимаратқа бірнеше рет күрделі жөндеу жасалғанымен, стадионға дейін әлі кезек жетпегенге ұқсайды. Уақыт өте келе оның аумағынан спорттық темір құрылымдар жоғала бастаған. Тұрғындар егер осылай жалғаса берсе, сатдионнан айырылып қаламыз ба деп дабыл қағуда.

«Стадион аумағы өте үлкен. Мұнда бұрын түрлі спорттық шаралар өтіп тұратын. Енді олар жаңадан салынған шағын футбол алаңында өтеді. Ал, қазір белгісіз біреулер барлығын тонап кеткен. Алдағы уақытта ол жекенің қолына өтіп кете ме деп қорқамыз. Барымызды неге бағаламаймыз?» деп налиды ауыл тұрғыны Клара Тиесова.  

Біз бұл сауалды аудандық білім бөлімінің басшысы Гүлфара Құбаеваға қойған едік.

«Тұрғындардың алаңдамауына да болады, себебі, бұл аумақ мектепке тиесілі болғандықтан оны ешкім тартып ала алмайды. Біз екі жыл бойы оны жөндеуге қаражат сұратып келдік, келесі жылы бөлінеді деген жауап алдық. Жобалау-сметалық құжаттамасы дайын. Стадионды қоршауға 6 млн 800 мың теңге, ал, брусчакта төсеуге 19 млн сұратылды» дейді ол.  

Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ

Жители Атырауской области переживают, что школьный стадион передадут в частные руки