Этносаралық келісімді сақтау – басты міндет

ҚР Президенті Қ. Тоқаев  кешегі басқосуда – Премьер-Министрдің, мемлекеттік органдар басшыларының, облыстар мен Астана,  Алматы, Шымкент қалалары әкімдерінің қатысуымен өткізген кеңесінде «Этносаралық келісімді нығайту – еліміздің тұрақты дамуының негізі. Бұл маңызды міндетті жүзеге асыру үшін орталық мемлекеттік органдар мен жергілікті билік, сондай-ақ, ҚХА мен жалпы азаматтық қоғам күш біріктіруі қажет» деген болатын. Бүгінде Қазақстан халқы Ассамблеясы азаматтық қоғам мен мемлекеттің мүмкіндіктерін үйлестіретін қоғамдық келісімнің негізгі буыны. Әлемде теңдесі жоқ бұл бірегей азаматтық қоғам институты шын мәнінде халықтық дипломатия органына айналды.

Қазір Ассамблея этносаралық даму мәселелері бойынша орталық және жергілікті атқарушы органдардың жұмысын үйлестіруші. Бұл жұмыс этносаралық келісімді қамтамасыз етудің ақпараттық білім беру, тәрбиелік, құқықтық, сондай-ақ, халықаралық аспектілерін қамтиды. Ассамблея этносаралық және конфессияаралық келісімнің бірегей үлгісі деуге болады. Ассамблея аясында еліміздің өзіндік «достық инфрақұрылымын» құрайтын республикалық және өңірлік ұлттық-мәдени бірлестіктер біріктірілді.  Этносаралық бейбітшілік пен келісімнің қазақстандық моделі әлемнің беделді диалог алаңдарында еліміздің визит карточкасы іспеттес. Бұл біздің республикамызға халықаралық деңгейде мәдениеттерді жақындастырудың бастамашысы болуға мүмкіндік берді. Қазақстан бейбітшілік пен келісім елі ретінде танылды.

Қазір өңірімізде 668 090  тұрғын бар. Оның ішінде қазақтар 96 пайыз құрайды, 4 пайызы – өзге ұлт өкілдері. Жалпы, облысымызда қазіргі таңда 80-нен астам этнос өкілдері тонның ішкі бауындай тату-тәтті өмір сүруде. Атырау облысы ҚХА 18 этномәдени  бірлестік бар. Міне, осы ұйымдар арқылы әрбір этнос өкілдеріне ана тілін, салт-дәстүрін, мәдениетін сақтап, тарихын танып-білу мен оларды өскелең ұрпаққа үйретуге барлық жағдай жасалып отыр.

Облыстағы Қазақстан халқы Ассамблеясының хатшылығы өңіріміздегі қоғамдық келісімді сақтау мен этносаралық татулықты нығайту бағытында жүйелі жұмыс жүргізіп отыр. Әрине, біз тек мәдени-көпшілік шараларды өткізумен ғана шектелмейміз. Қоғамдағы келісім мен этносаралық татулыққа байланысты мәселелер бойынша ғылыми-тәжірибелік конференциялар, жиындар және «дөңгелек үстелдер» ұйымдастырамыз. Бұдан бөлек, хатшылық жанынан жергілікті мемлекеттік органдардың басшылары, этномәдени орталықтардың жетекшілері, ғалымдар, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері мүшесі болып табылатын арнайы ғылыми-сарапшылық топ құрылған. Аналар кеңесі мен Ассамблея жастары бар.

Бүгінгі күні  Қазақстан қоғамының ішкі ықпалдасуының, қоғамдық келісім мен ел бірлігін нығайтудың біртұтас мемлекеттік және қоғамдық жүйесі толығымен қалыптасты. Қазақстан халқы Ассамблеясы мемлекеттің этностық саясатын қоғамдық келісім саясаты деңгейіне көтерген бүкілхалықтық институтқа айналды. Этносаралық қатынастарды реттеудің толық заңнамалық базасы құрылды. Қазіргі таңда,  аймақтық жоспарға сай, тиісті жұмыстар атқарылуда.

Ләззат Джылқышиева,

«Қоғамдық келісім» КММ басшысы.