Азық-түлік бағасын тұрақтандыру бойынша жұмысты жалғастыру қажет – Смайылов

Азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру және тамақ өндірісін ынталандыру бойынша белсенді жұмысты жалғастыру қажет. Бұл туралы Үкімет отырысында Премьер-Министр Әлихан Смайылов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

 «8 айдың қорытындысы бойынша Батыс Қазақстан, Қостанай, Қызылорда, Солтүстік Қазақстан облыстарында, Алматы және Шымкент қалаларында барлық негізгі көрсеткіштердің өсімі тіркелді. Қалған өңірлер нысаналы көрсеткіштердің орындалуын қамтамасыз етуі тиіс. Қабылданған шаралардың арқасында тамыз айының қорытындысы бойынша инфляция 13,1 пайызға дейін төмендеді», - деді Үкімет басшысы.

Премьер-Министр мемлекеттік органдар мен өңір әкімдіктері азық-түлік тауарларына бағаны тұрақтандыру және тамақ өндірісін ынталандыру бойынша белсенді жұмысты жалғастыруы қажеттігін баса айтты.

«Өздеріңіз білетіндей, Мемлекет басшысы Жолдауда еліміздің экономикалық өсімін орта мерзімді кезеңде 6-7 пайыз деңгейінде қамтамасыз етуді тапсырды. Бұл – Үкімет пен әкімдіктер үшін маңызды міндет. Осы ретте, барлығымызға экономиканың негізгі бағыттарында және өңірлерде тиісті өсімді көрсету үшін тиімді шаралар қабылдауымыз керек. Министрліктер мен өңірлер өздеріне қарайтын экономика салаларында ай сайынғы орнықты өсімді қамтамасыз етуі тиіс», - деді Әлихан Смайылов.