Атыруда балаларды азаптаған тәрбиеші 4 жылға сотталды

№ 2 Атырау сотында балаларды оңалту орталығының маманына қатысты қылмыстық іс қаралды, деп хабарлайды AtyrauPress.

Атырау қаласының № 2 сотында тәрбиешінің балаларды  қинау, кәмелетке толмағандарға қатысты ұдайы ұрып-соғу арқылы тән зардабына немесе психикалық зардап шегуге ұшырату фактісі бойынша (ҚК-тің 110-бабының 2-бөлігінің 1,2-тармақтары) балаларды оңалту орталығының маманына қатысты қылмыстық іс қаралды.

Сот К. - ның міндеттеріне ерекше балаларды дағдыларға үйрету, баламен 45 минут ішінде жеке мінез-құлықты түзету кіретінін анықтады. Ол кәмелетке толмағандармен жеке сабақтар өткізу кезінде балалар орталығының арнайы кабинетінде болған кезде үш кәмелетке толмаған бүлдіршінге дене және психикалық жарақат салған.

«Сотталушы К.-ның кінәсі жәбірленушілердің заңды өкілдерінің, куәгерлердің айғақтарымен, сараптама қорытындысымен, бейнежазбалармен және іс бойынша басқа да дәлелдемелермен толық өз дәлелін тапты", - делінген соттың баспасөз хабарламасында.

Сот әйелдің бұрын сотталмағанын,  асырауында жас баласының болуын ескеріп, К. - ны кінәлі деп тапты. Әйелге төрт жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Сондай-ақ жәбірленушілердің пайдасына алты миллион теңге сомасында моральдық өтемақысын төлеуді міндеттеді.

Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.

 

Эльмира МЫҚТЫБАЕВА