Атыраудағы жағымсыз иіс: мамандар зерттеу жұмыстарын жүргізуде

Атырау қаласында таңертең ауаға тараған жағымсыз иіс бойынша экология департаменті «Казгидромет» РМК Атырау филиалымен бірлескен түрде жағымсыз иіске байланысты атмосфералық ауа сапасына бақылау жасап, мониторинг жұмыстарын жүргізді, деп хабарлайды AtyrauPress.

Жұмыстарға сәйкес «Акимат», «Авангард», «Восток» автоматтандырылған ауа сапасын бақылау станцияларында ауаға тараған күкіртсутегінің көлемі  рұқсат етілген шекті шоғырланудан  16 есеге асуы анықталды.

Талдау жұмыстары  «Квадрат» булану алаңына, арнайы санитарлық қорғау аймағына және АМӨЗ аумағына жүргізілді. Нәтижесінде «Квадрат» су булану алаңы маңында солтүстік-шығыстан секундына 4 метр соққан желден күкіртсутегі мөлшері 6,2 есеге дейін, санитарлық қорғау аймағында 21-25 есеге дейін, АМӨЗ-дің тұрғын үйлер аумағы айналасында 17,5 есеге  дейін рұқсат етілген шекті шоғырланудан асып отыр. 

Мониторинг корытындысы облыстық экология департаментіне жіберілді.

Сонымен қатар, департамент және «Казгидромет» мамандары бірлесіп Сарыөзек ауылынан, солтүстік өндірістік аумақтың санитарлық қорғау аймақтарының бірнеше жерінен ауа сынамаларын алда. Алайда бұл орындарда ластаушы заттар нормативтен аспаған.