Атырау қаласындағы Smart-аялдамалар қаланың көркіне көрік қосқанымен, аптап ыстықта халыққа пайдасы тимей тұр. Оған қоса, оның ішіне ешкім кірмейтінін білгендер анайы тірлік жасайтын болған, деп хабарлайды AtyrauPress.
Заманауи үлгіде салынған аялдамалардың іші бос тұр. Тиісті жерге жеткізіп салар автобусын күткен қалалықтар күннен қорғану үшін көлеңке жағалауға мәжбүр. Аялдама ішіне кіру мүмкін емес. Іші қапырық. Кондиционерлер жұмыс істемейді. Кейбірінің есіктері сынып, әйнектері шытынаған.
Өкінішке қарай, аялдамалар автобус күтетін орын емес, үйсіз-күйсіздердің панасына айналған. Ондағы жаман иіс қолқаны қабады. Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінің меңгерушісі Темірлан Әубәкіровтың айтуынша, қоғамдық көлікті күтетін орын ішін басқа мақсатта пайдаланатындар да бар.
«Өкінішке қарай, автобус күтетін орында анайы тірлік жасайтындар да кездесті. Бұл әрекеттерді айғақтайтын видео да бар, оны қалалық полиция басқармасына бердік. Аялдама ішіндегі кондиционерді жылы режімге әдейі қосып кететіндер бар. Қысы-жазы ішіне қоқыс тастайтындардың да қатары толастамайды. Қазір бізбейнебақылау камераларын орнату үшін ашық конкурс өткізбекпіз. Мұнан соң бейнекамералар мен Wi-fi жұмысын бақылайтын жауаптыларды анықтаймыз», - деді Т.Әубәкіров.
Қазір 22 Smart-аялдамалардың алтауы сенімгерлік басқаруға берілген. Олар – «Вокзал маңы» шағынауданында екеу, теміржол вокзалында, «Авангард» шағынауданының соңғы аялдамасында, облыстық перзентхана мен «Мерей» базары қасында орналасқан. Ал қалған 16 аялдамаға «Спецавтобаза» ЖШС қызмет көрсетеді. Аялдамалар таңғы 07.00-де ашылып, ал кешкі 23.00-де есіктеріне құлып салынады.
Айта кетейік, Smart-аялдамалар 2019 жылдың басында салынған. Оның әрқайсысына 14 млн теңгеден бөлінген.
Эльмира МЫҚТЫБАЕВА