Атырауда мектеп директоры 24 жыл бойы ауыспаған

Өңірде бір ұйымда 7 жылдан 30 жылға дейінгі аралықта басшы болу дерегі тыйылмай тұр, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.

Заңмен білім беру ұйымдарында әр 7 жыл сайын ротациялау тәртібі белгіленсе де аталған заң нормасы сақталмауда. Бұл туралы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агентігінің облыстық департаменті превенция басқармасының басшысы Жәнібек Қаражанов мәлім етті. Мәселен, Тілендиев атындағы мамандандырылған мектеп-гимназия-интернатының басшысы аталған лауазымға 1999 жылы тағайындалып, бүгінгі күнге дейін осы лауазымда қызмет етіп келеді (24 жыл).

Бүгінгі күні сыртқы талдау нәтижесінде анықталған жемқорлық тәуекелдері бойынша бюджетке шығын келтіру фактілері құзырлы органдармен тексерілуде, нәтижесі бойынша тиісті шешім қабылданатын болады.

Талдау мерзімі шектеулі болғандықтан Департаментпен балабақша мен колледждерді қоспағанда облыстағы 200-ден астам орта білім беру ұйымдарының тек 27-не ғана талдау жүргізілгенін ескерсек, жоғарыдағы жемқорлық тәуекелі барлық мектептерде де бар деп есептеуге болады.

Бұдан бөлек, ағымдағы жылы Департаментпен облыстағы білім беру ұйымдары қызметкерлерінің жалған дипломдарды пайдалануына сыбайлас жемқорлыққа қарсы мониторинг жүргізілген болатын.