Кішкентай бала «Береке» шағынауданындағы үйлердің бірінен құлап кетті, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.
Бүлдіршін тоғыз қабатты тұрғын үйдің екінші қабатынан абайсызда құлаған.
Облыстық балалар ауруханасы директорының орынбасары Орындық Сиплованың айтуынша, ол жансақтау бөлімінде ем алуда.
«Облыстық балалар ауруханасына 25 шілде күні 18 сағат 48 минутта «жабық бас-ми жарақаты» диагнозымен үш жасар ұл бала келіп түсті. Қазір жансақтау бөлімінде жатыр. Ол абайсызда екінші қабаттан құлаған», - деді Орындық Сиплова.
Айта кетейік, Атырау облысында жыл басынан бері балалардың терезе, балконнан құлауының 34 жағдайы тіркелген.
Эльмира МЫҚТЫБАЕВА