Алдағы уақытта Миялы ауылының тұрғындары Ақтөбе қаласына дейін еш қиындықсыз тікелей тас жолмен қатынайды. Бүгінде Миялы ауылынан Ақтөбе облысы Ойыл ауданы Шұбаршы ауылына дейінгі асфальт жол салу жұмыстары басталды, деп хабарлайды AtyrauPress.
Ұзындығы 18 шақырымды құрайтын тасжол 3 санатты болады. 2024 жылы көлік қозғалысы үшін ашылып, құрылысы 2025 жылы толық аяқталады деп күтіліп отыр. Бұл туралы Қызылқоға аудандық тұрғын үй коммуналдық-шаруашылық бөлімінің басшысы Кенжебек Камаледенов мәлім етті.
- Осы уақытқа дейін Миялы ауылының тұрғындары Ақтөбе қаласына бару үшін алдымен Ақтөбе облысының Ойыл ауданына барып, кейін сол жақтан қатынайтын еді. Бұл жолаушыларға қиындық келтіріп, тұрғындардан тасжол салу мәселесі жиі көтеріліп жүрді. Енді осы мәселе оң шешімін тауып, құрылыс басталды. Көршілес облысқа қатынау бірнеше сағаттап жүруді талап етсе, тасжол салынғаннан кейін бұл мәселе оңтайлы шешімін таппақ. Тапсырыс беруші – облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы. Мердігер мекеме – «Маңғыстау жол-құрылысы комбинаты» АҚ, - деді К.Камаледенов.
Мира НҰРТАЕВА