Қ.Тоқаев: "Бір күндік жалақы жинаудың қажеті жоқ"

Ол бұл "мүлдем қажетсіз бастама" екенін айтып, бюрократтық формализмсіз жұмыс істеуге шақырды

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев бюджеттік және мемлекеттік қызметкерлердің бір күндік жалақысын "Қазақстан халқына" қорына жинап жатқандарды сынға алды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.

"Мемлекеттік қызметшілер мен бюджет саласындағы қызметкерлердің бір күндік жалақысын жинай бастады. Ондай бастаманың мүлдем қажеті жоқ. Тағы айтамын, бұл бюджеттік қор емес. Ол Қазақстан халқының қоры, сондықтан оның жұмысы ұзақ бюрократтық процедураларға негізделмеуге тиіс", - деді Тоқаев қордың қамқоршылық кеңесінің алғашқы отырысында.

Мемлекет басшысының айтуынша, қордың жұмысы ашық жүргізіледі.

"Барлық ірі компания салық салынған кірістің белгілі бір процентін қорға салып отырады. Оның мөлшерін үкімет анықтайды. Қор пайдалы қайырымдылық қызметпен айналысады. Бизнес қауымдастық осы бастамаға шынайы қолдау білдіріп, жобаның ойдағыдай іске асуына көмектеседі деп үміттенемін", - деп түйіндеді Тоқаев.

Айта кетері, "Қазақстан халқына" қорының қамқоршылық кеңесінің алғашқы отырысында ұйымдастыру мәселелері қаралды. Қазіргі кезде арнайы жұмыс тобы құрылды. Оған қордың тұжырымдамасын әзірлеу міндеті жүктелді.

Бұған дейін қамқоршылық кеңесіне кірген адамдардың тізімі жарияланған болатын.