Еңбекші тұрғындарын судың бағасы алаңдатады

Құрманғазы ауданының әкімі Абат Жанғалиев Еңбекші ауылдық округі тұрғындарымен кездесті, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.

Онда бірнеше мәселенің басы қайырылып, шешімін күткен сауалдар талқыланды. Бұл туралы аудандық әкімдіктің баспасөз қызметінен білдік.

Ауылдық округ әкімі Жаскайрат Хамзин осы жылдың алты айында атқарылған бірнеше жұмыстарды атап өтті. Біріншіден, «Қосарал» учаскесіндегі қатты қалдықтар төгу алаңын қоршау жұмыстарына қаржы қаралып, жұмыстары толық аяқталды. Содан соң, Кадырка, Даулеткерей ауылдарына спорттық ойын алаңдарының құрылысы салынды. Сондай-ақ, Қошалақ ауылындағы Қошалақ орталау мектебіне жолаушыларға арналған жылыту пунктін ашу және мектеп ғимаратында орналасқан медициналық пункт пен ауылдық кітапхананы жылыту мақсатында қаржы бөлініп, ғимарат газ желісіне қосылып, жылу жүйесі тартылып іске қосылды.

Бұдан соң аудан басшысы Абат Жангалиев ауыл тұрғындарына жалпы аудан дамуында атқарылып жатқан жұмыстар мен жоспарланған жобаларды таныстырып өтті.

Кезек тұрғындар сауалына беріліп, ауыл азаматтары суға төленетін тариф пен кіріс төлемдері алаңдататынын жеткізді. Бұл тұста аудан әкімі “ Құрманғазы Су арнасы” мекемесі басшысына түсіндірме жиын өткізуді тапсырды.

Сонымен қатар, ауыл тұрғындары Сурхан каналын тереңдету, ауыз судың таза күйде таратылуы сынды сауалдар жолдап, жауаптары берілді.

Өз кезегінде аудандық мәслихат төрағасы, осы округтен сайланған депутат Гульжаннат Калиева ауыл мектебін күрделі жөндеу, учаскелік полиция жұмысы, түнгі уақытта көліктердің ережесіз қозғалысы, оқушылардың көлік жүргізуі турасында тиісті бөлімдерге ұсынысын жолдады.

Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ