Қызылқоға ауданы көлеміндегі 26 елді мекеннің 13-і орталықтандырылған ауыз сумен қамтылған, деп хабарлайды коммуникациялар қызметі.
Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен онлай брифингте Қызылқоға ауданының әкімі Нұрсұлтан Бисембиев мәлімдеді.
- Миялы және Жангелдин ауылдарын үздіксіз сапалы ауыз сумен қамту ауданымыздың ең өзекті мәселесіне айналды. Бүгінгі күнге дейін бұл ауылдарға Қарасу қорынан ауыз су беріліп келеді. Осы жер асты су қоры сарқылып, тұрғындардың қажеттілігін өтей алмауда. Осы орайда облыс әкімдігінің қолдауымен Қарасу жер асты су қорынан қосымша бес ұңғыма қазылып, іске қосу жұмыстары жүргізілуде. Бұл өзекті мәселені шешу мақсатында Тайсойған жер асты су қорының Батыс аймағынан Миялы ауылына ұзындығы 72 шақырым болатын магистралдық су құбырының құрылысына жоба дайындалды. Қазіргі уақытта кешенді сараптама жұмыстары жүргізілуде .Аталған жоба 2021-2023 жылдары аралығында жүзеге асырылады, - деді аудан әкімі.