2022 жылдан бері аймақтағы мемлекеттік медициналық ұйымдарда жұмыс істейтін 100-ге жуық дәрігер осы тұрғын үй бағдарламасы арқылы баспаналы болуды қалап, өтініш білдірген. Арнайы комиссия бағдарлама талаптарына сәйкес өтініш иелерін балдық жүйе арқылы бағалап, қорытынды шығарған, - деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.
Нәтижесінде дәрігерлер бастапқы жарна төлемей, жылдық мөлшерлемесі 5 пайыз болатын несие алу мүмкіндігіне ие болды. Бағдарлама операторы – «Отбасы Банк» АҚ.
- Бұл бағдарлама білікті дәрігерлердің тұрғын үй мәселесін шешуге мүмкіндік берді. Яғни, мемлекеттік медициналық ұйымдарда кадрлардың тұрақтауына көмектеседі. Атырау облысы әкімдігінің қолдауымен 2023 жылдың желтоқсан айынан бастап, 2022 жылғы 1 қаңтардан мемлекеттік медициналық ұйымдарға жұмысқа орналасқан дәрігерлерге «Отбасы банкі» арқылы жеңілдікпен тұрғын үй несиесін беру жұмысы жүргізілді. Нәтижесінде 42 маман баспаналы болды, - деді облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Қайсар Абдалиев.
Ақхалаттылар тұрғын үй сатып алу үшін 25 миллион теңгеге дейін несие ала алады. Несие мерзімі -19 жылға дейін.
Айта кетейік, дәрігерлерді тұрғын үймен қамтуға мүмкіндік беретін өңірлік бағдарлама келер жылы да жалғасады.
Фото pixabay.com