Атырау облысының дамуы – Президент назарында

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Атырау облысының әлеуметтік-экономикалық даму мәселелері жөнінде онлайн форматта өткізген кеңесінде Атырау облысының әкімі Махамбет Досмұхамбетов облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы баяндады.

Облыс әкімінің сөзінше, халықты коронавирустық инфекциядан қорғау үшін ауқымды жұмыстар істелуде. Аймақ басшысы пандемияға қарамастан өнеркәсіптік өндіріс дамып, әлеуметтік мәселелер шешімін тауып жатқанын айтты. Облыстағы жалпы өңірлік өнім 2020 жылдың қорытындысы бойынша 7 трлн. теңгені құраған. Ал, шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің шығарған өнімі 2,1 трлн. теңгеге жетті. Яғни Атырау облысы бұл ретте республика бойынша Алматы мен Нұр-Сұлтан қалаларынан кейінгі орында тұр.


Облыс әкімі Махамбет Досмұхамбетов баяндамасында экономикаға серпін беретін ірі жобалардың қолға алынатынын жеткізді. 2025 жылға дейін 8,7 трлн. теңгенің инвестициялық пул жобалары жасақталған. Мұнай өндіру 28,5% пайызға артып, жылына 60 млн. тоннаға жетпек. Аграрлық секторда 23, ал балық шаруашылығы саласында 9 инвестициялық жобаны жүзеге асыру жоспарланып отыр. Экологиялық мәселелерді шешу үшін облыс әкімдігі Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігімен бірлесіп былтыр «Жол картасын» қабылдады. Жоспарға сәйкес, 5 жыл ішінде өңірдің ірі мұнай-газ кәсіпорындарымен бірлесе отырып 7 миллион көшет, ал, елді мекендерде 540 мың көшет отырғызу жоспарлануда.

Махамбет Жолдасқалиұлы сонымен қатар Президентке тұрғындарды мазалайтын және аймақтың одан әрі дамуына қолбайлау болатын ең өзекті проблемалар мен оларды шешуге қатысты ұсыныстарын айтты.

Қазір өңірде тұщы су тапшылығы өткір тұр. Жайықтың тартылуы мен Ойыл, Жем және Сағыз өзендерінің суалуы тағы бар. Атырау мен аудандардың кей бөлігінде жол жоқ, бары көңіл көншітпейді. Электр энергиясы саласындағы проблемалар шұғыл шешуді қажет етеді. Әлеуметтік салаларда да шешімін күткен мәселелер бар. Олардың  барлығын жан-жақты баяндаған облыс әкімі: «Құрметті Қасым-Жомарт Кемелұлы, біз аймақтың даму бағытын саралап, бар проблемалардың шешу жолдарын ұсынып отырмыз. Сізден осы бастамаларға қолдау көрсетіп шешім қабылдауға ықпал етуіңізді сұраймыз», – деді.

Өз кезегінде Қасым-Жомарт Тоқаев аймақты дамытуға қатысты нақты жеті міндетке тоқталды. Олар – мұнай-газ өнеркәсібін және автожолдарды дамыту, жұмыспен қамту, денсаулық сақтау жүйесін нығайту, облысты тұрақты энергиямен, сумен қамтамасыз ету және өңірдің экологиясы.

Кеңес соңында мемлекет басшысы «Сарайшықтың маңыздылығы мен танымалдығын арттыру үшін заманауи туризм инфрақұрылымы қажет. Әкімдік Үкіметтен визит-орталық құрылысына қаражат сұраған екен. Бірақ, келісімін әлі алмаған. Үкіметке осы мәселені дереу шешуді тапсырамын», – деді. Ол сондай-ақ тапсырмасына сәйкес, Атырау облысының 2025  жылға дейінгі әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы кешенді жоспардың жобасы дайындалғанын атап өтті. Соған сәйкес 23 мың оқушыға арналған 37 жаңа мектеп салынады. Сол арқылы үш ауысымда оқыту және мектептердегі орын тапшылығы мәселесі толық шешіледі.

– Жергілікті тұрғындарға сапалы медициналық көмек көрсету үшін бірқатар нысанның құрылысы басталады. Атап айтқанда, көп бейінді аурухана, екі емхана, психикалық денсаулық орталығы, Атырау қаласындағы онкологиялық диспансер жанынан радиологиялық корпус, сондай-ақ ауылдық жерлерде алғашқы дәрігерлік-санитарлық көмек көрсететін 9 нысан бой көтереді, – деген Президент мүмкіндігі шектеулі балалар үшін оңалту орталығы салынатынын айтты.
Сондай-ақ кешенді жоспарға сай 3,5 миллион шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріліп, 25 мың атыраулық отбасы баспаналы болады.

– Кешенді жоспардың жүзеге асырылуы өнеркәсіпті, агроөнеркәсіп кешенін, туризм саласын дамыту, энергетика және экология саласындағы аймақта қордаланған мәселелерді шешуге мүмкіндік береді. Оны іске асыру үшін 9 триллион теңгеге жуық инвестиция тартылмақ, көбі – жеке инвестиция. Сонымен қатар, жоспарға сәйкес бюджеттен 800 миллиард теңгеден астам қаражат бөлу көзделіп отыр. Соның 700 миллиардқа жуығы республикалық бюджеттен қарастырылады, – деген мемлекет басшысы Үкіметке жоспарды толықтырып, бір айдың ішінде бекітуді тапсырды.

Басты мақсат – халықтың тұрмыс сапасын және әл-ауқатын арттыру екенін атап өткен Президент Қасым-Жомарт Тоқаев: «өңірдің даму барысын және барлық мәселелердің уақтылы шешілуін өзім тікелей бақылауда ұстаймын», – деп сөзін түйіндеді.

Кеңесте сондай-ақ, Премьер-Министрдің орынбасары Роман Скляр, «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ Басқарма төрағасы Алмасадам Сәтқалиев, Энергетика министрі Нұрлан Ноғаев, Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев баяндама жасады.

Өз тілшіміз