Бүгін «Құрмет» орденінің иегері Әлия Бекқожиеваға арнап «Өнерпаз» бизнес орталығында мемиоралдық тақтайша қойды, деп хабарлайды Атырау облысы Өңірлік коммуникациялар қызметі. Іскер тұлғаның есімін мәңгі есте қалдыру мақсатында ұйымдастырылған іс-шарада облыс әкімінің орынбасары Нариман Таушов, Атырау облысының Құрметті азаматы Рашила Мүрсәлиева, «Өнерпаз» ЖШС директоры Болат Беккожиев және тұлғаның жақын-туыстары қатысты.
- Әлия Байжанқызы өз алдына жеке тұлға. Осы жерге әр күн есінде сақтай білген азамат пен азаматшаларымыз жиналып тұр деп ойлаймын. Ол еңбекке өте адал жан еді. Тек бизнес саласында ғана емес, сонымен қатар саяси тұрғыда өзгелерді өзіне ерте білген қайсар жан болатын. Сонымен қатар қоғамда өз орны қаланған адал басшы бола білді, - деп облыс әкімінің орынбасары Нариман Таушов еске алды.
Еске сала кетейік, Әлия Байжанқызы Бекқожиева «Өнерпаз» және «Рембыттехника» компанияларының бас директоры, «Атамекен» ҰКП Төралқасының мүшесі және Атырау облысы Өңірлік кеңесінің төрайымы болған. 1997 жылы оның басшылығы және жетекшілігімен өңірде алғаш рет бизнес бірлестік – Кәсіпкерлер және жұмыс берушілердің одағы құрылды.