Көшеде ән айтып жүрген атыраулық оқушы жұлдызға айналды! (+ВИДЕО)

Небәрі 17 жастағы атыраулық әуесқой музыкант Абзал Сатыбалды жастар саябағында өнер көрсетіп жүр, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.

Кезінде әйгілі "91" тобының әншісі Азамат Зенкаев та осылай танылғанын көбісі біле бермейді. Ол да Атыраудан шыққан әнші. Сол сияқты, Абзал да болашағынан көп үміт күттіреді. Бұл оның әнді шебер орындауынан көрініп-ақ тұр.

"Осыдан екі жыл бұрын мен жай ғана тұрғындармен бірге ән айтып жүрдім. Кейін қажетті музыкалық құрылғыны сатып алдым. Маған дейін ешкім бұлай жанды дауыста ән айтпаған сияқты" дейді жас дарын.

Оның бір ерекшелігі, жанр талғамайды. Жүрегі қай әнді қаласа, соны шырқай береді. Өнер ол үшін табыс көзі емес, сүйікті ісі. Сондай-ақ, гитарада ойнау бойынша сабақ та беретінін білдік. Мектептегі оқуын тәмамдаған соң арман қуып Алматыға аттанып, сол жақтағы жоғары оқу орнына түскісі келеді екен. 

Айтпақшы, жергілікті полицейлер оған бірнеше рет ескерту де беріпті, бірақ, ол өнер көрсетуін тоқтатпақ емес. 

Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ

https://atpress.kz/images/2023-05/e180d275-b9ad-446a-b4a9-c6254dc9bfe1.jpg