Атырауда №12 автобуста егде ер адам оқушы қыздарға тиіскен... (+ВИДЕО)

Күнделікті қоғамдық көлікке отыра бере, жоғарыда ілініп тұрған постерге еріксіз көзіміз түсті, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.

Онда «#Тиіспе #Не прикасайся!» деп жазылған. Белгілі болғандай, еліміздің алты өңірінде, оның ішінде Атырауда да ерекше акция қолға алыныпты. Ол соңғы кездері автобустарда жиі байқалып жүрген сексуалдық қысымды болдырмауға бағытталған. Осындай ыңғайсыз жағдайға тап болған тұрғындар не істеп, кімге хабарласуы керек, мұның бәрі постерде егжей-тегжейлі баяндалған.

Акцияны Астанадағы ЕҚЫҰ бағдарламалар кеңсесі мен канадалық жергілікті бастамалар қорының (Cfli) қолдауымен «MediaNet» халықаралық журналистика орталығы ұйымдастырып отыр. Орталық жүргізген зерттеу қорытындысы бойынша Қазақстандағы әйелдердің 21%-ы қоғамдық орындарда харассментке тап болған. Алайда, сарапшылардың айтуынша, шын мәнінде статистика бұдан да жоғары. Әртүрлі себептермен жыныстық харассмент құрбандары бұл туралы айтпай, жасырып қалады.

Жасыратыны жоқ, сексуалдық бағыттағы ыңғайсыз жайттар Атырауда да орын алып жүр. Өкініштісі, жапа шеккен жандар бұл туралы біреуге хабарлауға ұялады. Көбісі болған жайтты ұмытып, автобустан түсіп қалуға тырысады. Енді олар бастарынан өткен жағдайды анонимді түрде тиісті органдарға жеткізе алады. Бұл үшін постерде көрсетілген QR қызметін пайдаланып, көрсетілген үлгіні толтыру қажет.

Мұндай постерлер қазақ-орыс тілдерінде Алматы, Шымкент, Павлодар, Өскемен, Семей мен Атырауда 300-ден астам автобусқа ілінген.

Еске сала кетейік, бұған дейін Атырауда егде жастағы ер адам «Балықшы-Авангард» (№12) бағытындағы автобуста оқушы қыздарға тиісіп келгені жөнінде жазған едік. Бұл туралы бір емес, бірнеше зәбір көруші әлеуметтік желіде жариялаған болатын.

Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ

Басты фото: иллюстратив