Футболдан «Атырау» жастар құрамасы ел біріншілігінен қола жүлдеге ие болды

Футболдан Қазақстан чемпионатының екінші лига біріншілігі мәресіне жетті. Біріншіліктің оңтүстік-батыс конференциясында өнер көрсеткен «Атырау» жастар командасы 34 ұпаймен үшінші орынға ие болды. 
Мұнайшы стадионындағы марапаттау салтанатында облыстық денешынықтыру және спорт басқармасының басшысы Ринат Ибрагимов спортшыларды құттықтады.
"Біз жеңіспен жігерленіп,  жеңілістерімізден сабақ алып тұруымыз қажет. Биылғы нәтиже көңіл қуантуда. Алдағы уақытта бұдан да жоғары жетістікке жетулеріңізді тілеймін. Тек  еңбектене беріңіздер" - деді марапат сәтінде сөз алған басқарма басшысы.

"Облысымыздың жастар  құрамасы жоғары деңгейде өнер көрсетіп жүр.  Ел чемпионы да атанған сәттеріміз болды. Биыл да жігіттеріміз барын салды. Нәтиже жаман емес" - дейді команданың бас бапкері Тимур Укубаев.

Құрама сапындағы ойыншылардың дені қалалық жастар екен.

"Аудандардан да іріктеу жасаймыз.  Дегенмен, ауылдағы жаттықтырушылар жастарды тәрбиелеп, оларды үлкен бәсекелерге шығаруға өздері талпынулары керек" - деді бас бапкері.

16 кездесуде 8 гол соққан команда сұрмергені Мұқағали Пангерей бүгінде Атырау клубының негізгі құрамында өнер көрсетеді.

"Бұл маусым да біз үшін біраз тәжірибе болды. Қолдау білдірген жанкүйерлерге ризамыз. Әрине, қазіргі футбол қарқынды дамуда. Жылдам ойлау, тез шешім шығару керек. Алда мақсат көп. Соған жетуге тырысамыз" - дейді Мұқағали.


Серікбол ПАНАБЕРДИЕВ