"Сайлаушылармен жұмысымыздың басты өлшемі – адалдық пен уәдеге беріктік"

ҚР Парламенті Мәжілісінің Төрағасы, партия Төрағасы Ерлан Қошанов «AMANAT» партиясынан сайланған барлық деңгейдегі мәслихаттар депутаттарының республикалық форумында халықты толғандырып отырған барлық мәселелерді партиялық жобалардың аясында шешуге күш салып отырғанын айтты. 

«Сайлаушылармен жұмысымыздың басты өлшемі – адалдық пен уәдеге беріктік. Біз бұл қағидадан ауытқымауымыз керек. Мысалы, сайлау кезінде Шығыс Қазақстан облысының тұрғындары шекаралық аудандарды қалпына келтіру мәселесін қозғады. Біз бұл мәселенің өз құзырымызға кірмейтінін ашық айттық. Бірақ, ол өтінішті Мемлекет басшысына жеткізуге уәде бердік және уәдемізді орындадық. Кеше ғана Президент Қатон-Қарағай, Марқакөл, Мақаншы аудандарының алдағы екі жылдың ішінде ашылатынын жария етті. Батыс өңірге барғанда, вахталық ауысымның уақытын реттеу туралы әңгіме болды. Біз бұл мәселені сол жақтағы алпауыт компаниялармен бірлесіп, мұқият қарастырып жатырмыз. Сондай-ақ, партияның Сайлауалды бағдарламасында біз ауылға баратын жас медицина қызметкерлері үшін 10 миллион теңге көтерме ақы төлеу міндетін қойған едік. Ол да орындалу үстінде. Бұдан бөлек, халықты толғандырып отырған барлық мәселелерді партиялық жобаларымыздың аясында шешуге күш салып отырмыз. Өткен жылдан бері «Ауыл аманаты», «Жер аманаты» жобалары жүзеге асырылуда. Жақында қаржылық сауаттылықты арттыруға бағытталған «Қарызсыз қоғам» жобасы басталды. Өзге де көптеген партиялық жобаларымыз бар. Бұл жобалардың барлығы да қарапайым азаматтар үшін жасалған», - деді Е.Қошанов.