Атырау облысының бұрынғы әкімі Құрылтай аясында пікір білдірді

Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты, «Республикалық ардагерлер кеңесі» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Бақтықожа Ізмұхамбетов бұл жолғы Ұлттық Құрылтайдың мән-маңызына тоқталды, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.

«Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті Қазақстан» қоғамын құру жолында берген тапсырмалары мен солардың негізінде қабылданған мемлекеттік бағдарламалардың орындалуы жолында жүзеге асырылар жобалар жеткілікті, атқарылар жұмыстар ауқымды. Кезекті Құрылтай басталған сәттен-ақ орындалуы жоспарланып, бір парасы орындалып та үлгерген іс-шаралар әңгіме арқауына айналып, қатысушылардың назарына ұсынылып отыр. Атырау өңірінің ғана емес, тұтастай елдің өсіп-өркендеп, дамуына соны серпін, жаңаша леп беретін жобалардың іске асырылуы барысында кездесетін қиындық-кедергілер де осы алқалы басқосуда ашық айтылып, қордаланған проблемаларды оңтайлы шешу жолдары қарастырылып, жан-жақты талқыланады деген ойдамын. Қорыта айтқанда, бүгінгі Атырау жерінде өтіп жатқан алқалы жиын ел тағдырын шешіп, кемел келешегін айқындар толғақты мәселелердің тоғысқан тұсы болып табыларына сенімдімін» деді ол.