Атап өтерлігі, елімізде мұндай семинар алғаш рет ұйымдастырылып отыр. Облыстық әкімдікте өткен басқосу барысында еліміздің Мәдениет және спорт министрлігі, Архив істері және құжаттаманы басқару комитеті төрағасының орынбасары Тәжі Ақтілек, Ішкі істер министрлігі, Геральдика, стандарттау және сапа тобының бас сарапшысы Гүлбибі Алғазинова, Техникалық реттеу және метрология комитетінің Атырау облысы бойынша департаментінің басшысы Ерболат Есенов мемлекеттік рәміздерді нормативтік-құқықтық деңгейде қолдану бойынша кеңірек түсінік берді. Атыраулық мамандар да өздерін толғандырған мәселелерді ортаға салып, өзара тәжірибе алмасты.
Ал, Атырауда мемлекеттік рәміздерді насихаттау жұмыстарымен көп жылдан бері жергілікті азамат Руслан Хамза айналысып келеді. Ол бұл бағытта үкіметтік емес ұйым есебінде арнайы ұлттық орталық ашып, тұрғындарға түсіндірме жұмыстарын жүргізіп келеді.
– «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздері туралы» конституциялық заң 2007 жылы 4 маусымда қабылданған болатын. Оған сәйкес жыл сайын 4 маусым Мемлекеттік рәміздер күні ретінде мерекеленеді. Олар – кез келген елдің егемендігі мен біртұтастығын бейнелейтін атрибуттардың бірі. Осының өзін қарапайым халықты айтпағанда, мемлекеттік қызметкерлер де білмей жатады. Осындай олқылықтарды болдырмас үшін ішкі саясат басқармаларының мамандары, басқа да басқарма басшылары, қоғамдық ұйымдар мен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдерінің қатысуымен семинар-тренингтер жиі өтіп тұруы тиіс, - дейді Мемлекеттік рәміздерді насихаттау жөніндегі Ұлттық орталық басшысы Руслан Пангерейұлы.
Бұдан бөлек, семинарда бас қосқан мамандар жергілікті мемлекеттік органдардағы рәміздердің заң шеңберінде қолданылуына мониторинг жүргізді. Нәтижесінде, қала, аудан, кент және ауыл әкімдігі аппараттары арасында рәміздердің қолданысына қатысты бірқатар кемшіліктер анықталды. Атап айтқанда, мемлекеттік құжаттарда көрсетілген Елтаңбадағы «QAZAQSTAN» деген жазу соңғы үлгіде ауыстырылмаған. Мемлекеттік мөрдің ескі нұсқасын пайдаланып жүргендер де бар екен. Жүргізілген зерделеу жұмыстары бойынша тиісті шаралар алынатын болады.
Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ